28.04.2025, 13:20

«Домбыралы өнерпаз бұлардың ата жауы секілді»: Ерлан Төлеутай Flyarystan әуекомпаниясына ренішін жеткізді

Фото: Dalanews

Алматыға келген соң қарасам, домбырам салдырлап қалыпты.

Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай Flyarystan әуекомпаниясына ренішін жеткізді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әншінің айтуынша Еуропа елдерінде домбырамен емін-еркін өтіп жүрген ол Қазақстанға келгенде қиындыққа тап болғанын айтты.

«Бүгін Қарағандыдан келдім. Кеше «Қазақ радиосынының» корифейі, алтын дауысты, күміс үнді Сауық Жақанова апамның 80 жылдық мерейтойына қатысқан едім. (Уақытым боп жатса, бұл кеш туралы арнайы жазамын деп ойлаймын)

Несін айтасыз, әсерлі өткен мерейтойдан кейін көңіл аса шат, еңсе кәдімгідей көтеріңкі еді. Сол шат көңіл күйді бұл күнде домбыраның ата жауына айналған Флайарыстан әуе компаниясы быт-шыт қылды емес пе?

Басынан бастап айтсам, күту залына өтіп бара жатқан едім, мына суреттегі қызыл көйлекті қызметкер тап бір террорист көргендей соңымнан деміге жетті. Келді де, жолымды кес-кестеп, домбыраңды багажға өткіз де, өткіз деп қиғылық салды. Мен: «Өткізер едім, бірақ сендер қалай болса солай лақтыра саласыңдар, талай домбырамызды сындырып, қолымызға бергенсіңдер, бірақ аспаптың ақшасын сендерден ешқашан, ешкім өндіріп ала алмаған», – дедім. Алайда менің уәжіме тоқтар бұл болмады, қысқасы, домбырамды өз ықтиярымсыз багажға өткізуге мәжбүр болдым әрі үстінен қосымша құн төлеткізді.

Алматыға келген соң қарасам, домбырам салдырлап қалыпты.

Қайран домбырам, сен екеумізге енді аспанда күн көрсетпеуге айналды ма, мынау қазаққа суық, жатқа жуық жемқор билік? Жерде екеумізге күн жоқ еді, енді көкке де көңілсіз ұшасың. Сұмдық қорлық қой мынау. Көңілім пәс тартып, жүзім жабырқап, жүнім жығылып қалды кәдімгідей.

Осы домбыраммен әлемді аралап жүрмін ғой. Сонда куә болғаным – шетелдік әуе компанияларының ешбірі домбыраға тимейді. Жалғыз осы Флайарыстан ғана домбыра көрсе – әкесін домбыраға өлтіргендей соншама өш – ылғи ит көрген ешкікөзденіп яки қызыл шүберек көрген испан корридосының құтырған бұқасы құсап тұрады.

Флайарыстанның домбыраны жек көргені – ұлтты жек көргені. Осы арқылы олар қазақ ұлтына деген дұшпандығын сездіріп қояды, домбыраны қорлау арқылы олар қазақты астыртын кемсітеді. Баяғыда АҚШ- тың қоғамдық орындарында «Иттер мен қара нәсілдерге кіруге тиым салынған» деген жазу ілініп тұрады екен. Домбыралы қазақты самолет салонына кіргізбеу де – осыдан бір мысқал кем емес жауыз саясат. Анау-мынау емес, мемлекет құрушы ұлтты кемсітушілік.

Домбыра – қазақ ұлты үшін символдық мәнге ие музыкалық аспап, сондықтан бұл мемлекет тарапынан заңмен қорғалуы тиіс ұлттық құндылығымыз. Сондықтан әуе компаниясының жүк артушылары қалай болса солай лақтыра салатын домбыраны – ұшақтың багажында салдырлатып алып жүрудің өзі ұлттың қасиетті аспабын қастерлемегендік болып саналады яғни, тағы да айтамын, бұл дегеніңіз, мемлекет құрушы ұлтты қасақана кемсітушілік деген сөз. Флайарыстан мұны білмей істеп отырған жоқ, біліп істеп отыр. Әйтпесе, домбыраның ең ауырының салмағы 3 килограмм, 500 грамнан аспайды. Ал менің билетімде 10 килограмға дейін қол жүгіне рұқсат етілген еді. Флайарыстанның бұған уәжі: жүк тасымалына домбыраның стандарты сай келмейді яғни ұзын. Бұлары енді домбыраға жабылған қып-қызыл жала. Бұл – «Қазақтар – көшпелі болғандықтан цивилизациялық стандартқа сай келмейді, сондықтан оларды жою керек» деген баяғы отаршылдардың фашистік ұстанымына ұқсайды. Осындай фашистік ұстанымнан танбай отырған Флайарыстаның иелерін осыдан кейін неоотаршылдар демей көр

Ал енді домбыра ұзын, ұшақтың үстіңгі жүк салғышына сыймайды деген жалаға келейік. Домбыра – ұзындығы 1 метрге де жетпейтін 95 сантиметрлік ұлттық аспап. Оның 40 сантиметрін домбыраның негізгі корпусы – кеудесі алса, ал мойны– 55 сантиметрін құрайды. Сондай-ақ домбыраның кеудесінің ені 24 сантиметр болса, мойынның жуандығы 2-ақ сантиметр, футлярмен есептесек 5 сантиметрдей болады. Сонда домбыраның жүк салғыштағы негізгі алатын орны – 24 сантиметрлік негізгі корпусы ғана. Сол себепті 55 сантиметрлік мойын жағын жүксалғыштың ішкі қабырға жағына таяп қойса, домбыраның бер жағына қандай сөмке болсын орналастыруға болады. Биылғы бір айға созылған еуропалық сапарымда мен мемлекеттен мемлекетке түрлі әуекомпаниялардың алуан түрлі ұшақтармен ұшумен болдым. Сонда домбырамды осындай тәртіппен орналастырып жүрдім. Жүктердің орналасуын тексеріп жүрген кездерінде стюардессалар мұныма еш ескерту жасаған емес. Ал біздің Флайарыстан қатып қалған қағидамен жұмыс істейді. Және домбыралы өнерпаз бұл әуе компанияның ата жауы секілді – сенімен өте дөрекі һәм кемсітіп сөйлеседі. Бүгін мен осындай кемсітушілікке тап болдым, қымбат бағалы домбырам да қатты деформациялық соққыға ұшырады.

Айтпақшы бұл мәселе туралы сұрастырғанда білгенім, домбыраны ақша төлетіп жүк салғышқа өткізу сияқты мәжбүрлеушіліктер әдетте қайыршы компанияларға тән көрінеді.

Яғни олар әрнені сылтауратып, осылай ақша табады екен. Мысалы, билетінің қымбаттылығына қарамастан, Флайарыстан стюардессалары салон ішінде базардағыдай тамақ сатып жүреді ғой. Ал қуатты, мығым, жемқорлықтан таза, қаржылы компаниялар біздегідей «Домбыраң ұзын, самолетімізге сыймайды» деп қасарысып тұрып алмайды. Расында аспабың ұзын болғандықтан ұшаққа сыймайды деп дау болғанды ешбір елді көрмеппіз де, естімеппіз. Мұндай сұмдық Қазақстанда, тек Флайарыстанда ғана және жиі-жиі болып жүр. Мәселен гитара – домбырадан екі есе үлкен аспап. Көріп жүрміз – әлемдік әуекомпаниялардың ұшақтарында өнерпаздар гитараны өзімен бірге бортта алып жүре береді. Онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Егер қазаққа һәм оның ұлттық құндылықтарына басы биліктің өзі болып, оған осындай жат жұрттық компаниялар қосылып, ойларына келген қысым-қорлаушылықтарын осылай жасай берсе, озбырлықпен өстіп жәбірлей берсе, мына түрімен ертең өлгенде, қазақтың бойы ұзын, көмгенде жерді көп алады, сондықтан көрге екі бүктеп салыңдар немесе денесін ортасынан қақ бөліп шауып тастап жерлеңдер дейтін шығар?

Ал енді қайтпек керек, бойкот жариялайын десем, мен жиі баратын Қарағандыға Флайарыстаннан басқаның ұшағы ұшпайды яғни Флайарыстан бұл тұрғыдан монополист компания.

Мұның бір жолы – МәдАқ министрлігі Флайарыстан компаниясымен домбыра аспабын ұшақ салонына салуға рұқсат беретін ведомство аралық сияқты келісім жасауы керек еді. Бірақ бұған Балаеваның барғысы жоқ, өйткені киногер қауым мен «Қазақанимация» ұжымымен алысудан қолы тиер емес. Өткенде Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар бұл монополист әуе компаниясын біраз сынға алып еді, қожалары қой деді ме аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.

Егер қолымда закон қуаты болса, мен Үкіметтік комиссия шығарып, жоғарыда дәлелдеп бергенімдей – ұзындығы небәрі 95 сантиметрлік домбыраның Флайарыстанның жолаушылар тасымалына еш кедергі келтірмейтінін анықтап әрі дәлелдеп берер едім және Флайарыстан сияқты осындай кеудесіне нан піскен компанияға ұшақ салонында домбыра алып жүруге рұқсат беруін талап етіп әрі бұл талапты орындатқызар едім.

Осынау қарапайым шаралар қолдану – Үкіметің өз қолында тұр емес пе, бірақ билікте отырған өңкей қазақ шенеунігі мұның бірін істемейді. Өйткені оларға қазақ өнерпазының төменшік тартып, қор болып жүргені қолайлы. Өнерпазы, ғалымы, сөз иелері қор болған ұлттың еңсесі көтерілмейтінін бұлар сырт кеңесшілердің сыбырлауымен біліп алған. Әйтпесе күллі қазақ ұшақта домбыра арқалап жүрген жоқ қой. 20-30 рейстің біреуіне ғана домбыралы жолаушы мінуі мүмкін. 100 жолаушы жүгімен сыйған ұшаққа қалақтай ғана үш жарым бір килограммдық домбыраның сыймауы деген не сұмдық?! Мұны мен, ұлтқа және оның ұлттық музыкалық аспабына жасалған дискриминация деп білемін, басқа ештеңе емес. Бірақ мүны қазақтың намыссыз шенеуніктері мен министрлеріне қалай түсіндіресің, қайтіп ұқтырарсың? Сүйегінде тек, ділінде түк болмағанан кейін ештеңе болмайды екен ғой.

Айтпақшы, Флайарыстанда домбыраның өзі түгілі үніне де орын жоқ. Ұшқан сайын көріп жүрміз, неше жылдан бері ырбыңдаған бір әнсымақ қойып қойған. Неге Құрманғазының немесе Тәттімбеттің күйі кернеп тұрмайды ұшақ үшін? Жоқ, бұлар әдейі қоймайды, өйткені домбыраның өзі сияқты үні де стандартқа сай емес.

Осындайда жылда алаулатып-жалаулатып өткізілетін «Домбыра күні» еске түседі. Домбыраны самолетке кіргізе алмай жүріп, шынында да не тәлпіштік біздікі осы», — деп жазды әнші.