28.04.2025, 21:30

Кәрім Мәсімовтің сарайы аукционнан шығарылды

Фото: ҰҚК

Хабарлама мазмұнына қарап нысан Астананың әлеуметтік қажеттілігіне пайдалануға беріледі деп топшылауға болады.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы орынбасары Кәрім Мәсімовке тиесілі делінген сарайды электронды сауда жоспарынан шығарғанын мәлім етті. Бұған дейін аталмыш мүлік үш рет электронды аукционға шығарылып, ешкім сатып алмаған болатын, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

— 2025 жылғы 18 сәуірде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында Астана қаласы, Нұра ауданы, Қараөткел шағын ауданы, Ерейментау көшесі, 1-ғимарат мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үйді электрондық сауда арқылы сату туралы хабарландыру жариялады. Нысанның бастапқы бағасы 1 685 115 000 теңге.

Алайда, аталған нысанды әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында пайдалану үшін Астана қаласы әкімдігінен Басқарушы компанияның атына ресми сұраныс келіп түсті. Өтініштің әлеуметтік маңыздылығы мен заңнама нормаларын ескере отырып, нысан электрондық сауда жоспарына енгізілмей алынып тасталды, — деп жазады компанияның ресми сайты.

Хабарлама мазмұнына қарап нысан Астананың әлеуметтік қажеттілігіне пайдалануға беріледі деп топшылауға болады. Дегенмен инфрақұрылымы ерекше ғимарттардың нақты қандай саланың әлеуметтік қажеттілігіне қолданысқа алынатыны әлі белгісіз.

— Нысанды одан әрі пайдалану мәселесі белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органның мүдделері ескеріле отырып шешіледі, делінген ресми мәліметте.