Жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған бөгет жарылып, Большая Малышка ауылына қауіп төнді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ал әскерилер, құтқарушылар мен түрлі мекеме жұмысшылары қапшыққа құм дайындап, топырақ үйіндісін қалпына келтіріп жатыр. Биыл салынған бөгет түнде екі жерден жарылып, Есілдің арнасы ауылға қарай жайылды. Бірақ үйлерге жеткен жоқ. Дегенмен құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, алдын алу жұмыстарын бастап кетті.
Қазір бұл жерде төтенше жағдайлар қызметі, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар қап-қап құм тасып, бөгеттің жарылған жерлерін жабу үстінде. Большая Малышка ауылында 200-ге жуық үй бар. Бірақ кейбір тұрғындар көшуден бас тартты.
Константин Хвастуновтың айтуынша, Есіл өзені былтырғыдай тасымауы мүмкін. Сондықтан ауылдан кеткісі жоқ. Отын жарып, қыстың қамын жасап жатыр. Күнде дамбаға барып, судың деңгейін бақылау оның әдетіне айналған.
"Мүлдем уайымдап жатқаным жоқ. Су менің үйіме дейін жетпейді. Біз Сергеев су қоймасына қарап отырмыз. Бөгет үстімен ағып жатқан судың деңгейі 4 метрден аспады. Сондықтан алаңдайтындай жағдай емес. Бірақ мен жарылатынын білгенмін. Жұқа қалташамен бала кезімізде ойнағандай бөгеп қойған. Тіптен күлкілі. Әкімдіктің әрекетіне күлкім келеді. Қашанға дейін осылай өмір сүреміз", - деді ол.
Бұл туралы ТЖД баспасөз хатшысы пікір білдірді.
"Қазір бөгеттің бұзылған бір орны қалпына келтірілді. Енді екіншісі қалды. Тұрғындар көшірілді. Олар Петропавлдағы жатақханаға жайғастырылды. Қазір 6 елді мекенде бөгет нығайтылып жатыр. Бұл жұмыстарға мың жарым адам мен 160 арнайы техника тартылған. Петропавлда Есіл өзені шарықтау шегіне жетіп, бір деңгейде тұр, - дейді ТЖД баспасөз хатшысы.