29.04.2025, 12:40

Шәріп Серік өзін Бишімбаевпен қатар қойған видео авторына арыз жазды

Фото: видео скриншот

Негізгі себеп – жасанды интеллект көмегімен жасалған видео.

"Шакенти" атымен танымал актер Шәріп Серік өзіне қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін құқық қорғау органдарына шағымданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengri Life сайтына сілтеме жасап.

Аталған ақпаратты әлеуметтік желілерде резонанс тудырған видеолардың бірінің авторы Арман есімді креатор хабарлаған. Оған аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серіктің оған арыз жазғанын хабарлаған. Негізгі себеп – жасанды интеллект көмегімен жасалған видео. Онда актер сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жанында бейнеленген.  Tengri Life сайты Арманмен байланысып, мән-жайды сұрап білген. 

– Әзірге ресми тергеу жүргізілген жоқ. Мені тек түсініктеме беру үшін шақырды, бірақ тергеу амалдары жүргізілмеді. Қазіргі уақытта материалдар тиісті органдарда қаралуда, – деді Арман.

Оның сөзінше, істі жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім әлі қабылданбаған. 

– Шәріп Серік немесе оның өкілдері менімен байланысқа шыққан жоқ, – деп қоса кетті Арман.

Креатор заңгер Жанна Оразбақовамен кеңескенін мәлімдеген. Заңгер видеоның қылмыстық құрамды қамтымайтынын айтқан. Сонымен қатар, Арман видеоны өз көзқарасын кез келген зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіру мақсатында жасағанын атап өтті. 

– Менің видеомда жалған ақпарат, нақты есімдер немесе жеке айыптаулар жоқ. Бұл – тек кез келген зорлық-зомбылыққа қарсы шығармашылық жолмен өз пікірімді білдіру әдісі. Әңгімелесуден кейін мен қайта хабарласып, қосымша ақпарат алдым. Материалдардың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жіберілгенін, сондай-ақ маған белгісіз кейбір басқа құрылымдар мен процестер туралы айтылды. Соңғы шешімді олар қабылдайды және маған қосымша хабарланады, – деді ол.

Еске салайық, блогер Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Шәріп Серік Бишімбаевпен бірге түсірілген видеоға байланысты арыз бергенін растаған еді. Актер видеоны "қорлау" деп қабылдаған. 

– Әрі қарай шешімді тергеу органы қабылдайды. Мен бұл адамдардың жазаланғанын қалаймын, – дейді ол.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі де тексеріс жүріп жатқанын растап отыр. 

– Бостандық ауданының полиция басқармасы аталған факт бойынша тексеру жүргізуде. Нақты жағдайлар анықталған соң заң аясында процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлімдеген ведомство өкілдері.