Қонақтар қызғалдақ алқабынан фестиваль аумағына дейін 10 шақырымнан аса жаяу жүрген.
Жамбыл облысында жауқазындар фестиваліне барған жұрт қайтар жолда жаяу қалды. Шаршап-шалдыққан қонақтар ауқымды шараға шақырып алып, қайтарда тастап кеткен ұйымдастырушыларға өкпелі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "КТК" арнасы сілтеме жасап.
Қонақтар қызғалдақ алқабынан фестиваль аумағына дейін 10 шақырымнан аса жаяу жүрген. Арасында қарттар мен балалар да бар. Олардың айтуынша, қонақтарға арналған автобустар бірден толып, кетіп қалған. Бұл фестивальге келуші қонақтардың ашуын тудырды. Біраз бөлігі тіптен фестивальды көре алмай, жарты жолда қайтып кеткен.
Айдалада амалсыз қалғандар керуендетіп, елді мекенге дейін жаяу жеткен. Одан ары қалаға дейін тағы да жол тосуға тура келіпті. Аталмыш шараны ұйымдастырушылар дайындалған көліктер бірнеше рейс жасағанын айтады. Өйткені өз көлігімен келген қонақтар көлігін тастап, автобусқа көптеп мінген.
Айтуларынша, дайындалған 20 автобус пен 40 "Нива" көлігіне 4 мың адам қарап қалған. Алайда бірнеше сағатта барлық қонақ жол бойына дейін жеткізілді дейді әкімдік өкілдері.