08.05.2025, 22:30

Садыр Жапаров үш бала қаза тапқан ауруханаға ашулы күйде жетіп келді (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Қырғыз президентінің ауруханадағы видеосын қырғыз журналисі Әли Тоқтақұнов бес сағат бұрын өз каналына шығарған.

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров үш баланың өлімінен кейін кардиохирургия орталығына ашулы күйде жетіп келді. Балаларға операция жасаған дәрігердің мәліметінен кейін ол мәселені дер кезінде анықтап, дұрыс шеше алмаған денсаулық сақтау министріне сөгіс жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Қырғыз президентінің ауруханадағы видеосын қырғыз журналисі Әли Тоқтақұнов бес сағат бұрын өз каналына шығарған. Садыр Жапаров операция жасаған жеті баланың үшеуі не себепті көз жұмғанын білу үшін алдымен орталық дәрігерлерін сөзге тартты.

«Жеті балаға операция жасалған. Соның ішінде үш бала өлді. Оның себебі неде? Реанимация жарамсыз ба? Не жетпейді? Маған бәрін ашып айтыңыз, мен сол мәселені шешу үшін келдім», - дейді президент дәрігерлерден есеп сұрай отырып.

Кардиохирургия орталығындағы қырғыз дәрігерлер мен Беларусь елінен келген хирург Жапаровқа бірқатар мәселені ашық жеткізуге тырысты.

«Басты проблеманың бірі – біз қайтыс болған балалардағы ауыр патологияны операция кезінде бірақ білдік. Патология біз ойлағаннан да қиын болып шықты. Ол ауытқуларды операцияға дейін көрмей қалғанымыздың себебі – ауруханада бір ғана УЗИ аппараты бар. Қазір ол екінші қабатта, қабылдау бөлімінде тұр және бос емес. Аппарат ескі, тіпті, білдей бір кардиохирургия орталығында бір ғана аппарат бар дегеннің өзі - теріс құбылыс. Оның өзінде айтқанымдай, аппарат қабылдау бөлімінде тұрады. Мәселен, қазір мына палатада жатқан баланың жағдайы нашарлап кетсе мен сол қабылдау бөліміндегі аппаратты осы қабатқа көтеріп әкелу керекпін», - деді беларусь дәрігері Жапаровқа.

Дәрігердің айтуынша, президент келген сәтте ол аппарат 24 баланы тексеріп жатқан. Ол балаларды кейін кардиохирургтер операция кезегіне жазады.

«Көз жұмған баланың біреуі операция алдындағы диагностиканың терістігінен және аздығынан қайтыс болды. Өйткені, біз оның жүрегіндегі ауруды толық тани алмадық. Қайтыс болған екінші баланың денесіне сепсис тарап кетті, яғни, қанына инфекция кіріп кеткен. Дегенмен, біз оны жеңіп, баланы операция бөлімінен емдеу бөліміне ауыстырған едік. Ол бөлімде бір түн аман-есен түнеп шыққан еді, бірақ ертеңінде баланың қан қысымы қатты азайып, біз тағы зерттеу жүргіздік. Зерттеу балаға қайтадан инфекция түскенін көрсетті. Ал, оның себебі – ауруханада құрал-жабдықтарды залалсыздандыратын арнайы бөлме жоқ. Осы орталықтың дәрігерлері операция жасайтын жабдықтарды машинамен басқа ауруханаға апарып, тазалап әкеледі», - дейді ол.

Ал, балалардың өліміне себеп болған үшінші мәселе – ауруханада операция жасайтын құрал-жабдықтардың тек үш қорабы ғана бар көрінеді.

Садыр Жапаров дәрігерден бұл мәселелер қашан пайда болғанын сұрады. Бірақ, ол орталыққа небары бір апта бұрын ғана жұмысқа келгенін айтып, мәселені енді білдім деді. Осы ретте Жапаров Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Еркін Чечейбаевтың жұмысын қатты сынады.

«Сен осы жерге қашан келдің? Балалар өлгелі келіп тұрғаның осы ма? Бұндай проблема болып жатса неге бірден дабыл қағып келмейсің? Министр болып жүргеніңе қанша болды? Екі ай ма? Екі айда құйрығың креслоға жабысып қалды ма? Осылардың мәселесін шешпейсің ба? Мына жақта балалар өліп жатса сен кабинетіңде отырасың! Айтпайсың ба проблема бар екенін? Мен сені министр қылғанда не деп айтып едім? Проблема болса кідірмей айт, мен оны бірден шешемін дегемін. Саған екі күн уақыт беремін. Осы ауруханаға не керек, соның бәрін екі күн ішінде тауып әкел. Министрлікте ақша жоқ па, маған айт. Ақша беретін жерді табамын. Бұл мәселені тез шеш. Саған сөгіс жариялаймын. Осы жердің мәселесін шешпей кабинетіңе кетуші болма. Қашан проблеманы шешесің, сол кезде кабинетіңе кетесің!», - деді Жапаров.