Құдай бізді айырмасын!
Гаити азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы Қазына Аликова интернационалды отбасының бақытты болуының сырымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жаным, аппақ шалым менің! Сонау Гаитиден келіп қазақ отбасына үйренісіп “өзіміздің аппақ күйеу бала ғой”дейтіндей мәртебеге ие болып отыр. Кім не десе о десін, Құдай бізді айырмасын. Әлі талай Құда болып баруды нәсіп етсін!», - деп жазды ол.
Сондай-ақ, оқырмандарының неге шетелдікке тұрмысқа шығасың, деген сұрағына да жауап берді.
“Қазақ қыздары неге өзге ұлтқа шығады?” деген сұрақтың астында көп сын, көп хейт жатады. Бірақ бұл жерде сырт көзге көрінбейтін шындық бар — ол менің Бақытқа жасаған таңдауым.
Мен біреудің түсінігіне сай өмір сүрмеймін. Себебі менің өмірім — менің жолым. Ал ол жолда мені шын сүйетін, құрметтейтін, жанымды түсінетін жан жолықты. Оның ұлты басқа болса да, жүрегі таза. Ол менің мәдениетімді, тілімді, салт-дәстүрімді құрметтейді. Ең бастысы — мені бақытты етеді.
Адамдар сырттай қарап, көп нәрсені байқай бермейді. Олар махаббаттың тереңдігін, сенімнің күші мен бірліктің шынайылығын сезіне алмайды. Бірақ мен үшін ең маңыздысы — жанымның тыныштығы, отбасыма деген махаббат, және күнде жанымда оянатын адамның маған шексіз қамқорлығы.
Махаббат ұлтты таңдамайды. Ол жүрекке бағынады. Ал мен жүрегімді тыңдадым. Және бұл менің өмірімдегі ең дұрыс шешім болды», - деді ол.