Қызметкерлердің айтуынша, үшеуі өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
Полиция департаментінің оқу-жаттығу ротасының қызметкерлері өз командирі, полиция майоры Мақсат Айғелдиевке қатысты ұжымдық шағым түсірген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Рапорттағы мәліметке сенсек, 2024 жылдың қарашасында Мақсат Айғелдиев қызметке тағайындалғаннан кейін бөлімшеде жаппай жұмыстан шығарулар, қысым көрсету және қызметтік әдепті бұзу жағдайлары бола бастаған.
Қызметкерлердің айтуынша, үшеуі өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Тағы екеуі жұмыстан шығарылу қаупінде тұр. Бұдан бөлек жеке құрамның шамамен 80% заңсыз ақша жинаудан және басшылыққа сыйлық беруден бас тартқаны үшін қудалауға ұшыраған.
Сонымен қатар қызметкерлер біліктілік талаптарына сай келмейтін адамдардың басшылық қызметке тағайындалғанын, жиі қорлау мен ар-намысты таптау фактілері болғанын мәлімдеді. Бұл жағдайлар моральдық-психологиялық ахуалдың күрт нашарлауына әкелген.
Айғелдиев 2024 жылғы 31 наурыз бен 2 сәуір аралығында себепсіз түрде Астанада болып, жұмыс орнында болмағаны айтылған. Бұл деректі "Бүркіт" базасының мәліметтері мен ұшу билеттері арқылы растауға болады.
Қызметкерлер видео, қаржылық құжаттар мен өзге де дәлелдердің бар екенін айтып, қызметтік тергеу жүргізуді сұрап, командирді ауыстыруды талап етіп отыр. Олар полициядағы қызметін жалғастыруға дайын екендерін, бірақ басшылықтың ауысуын қажет деп санайтынын жеткізді.
Жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті қызметтік тексеріс басталғанын растады.
"Келтірілген ақпаратқа жан-жақты баға беріледі. Тексеру барысы департамент басшылығының бақылауында", – деп хабарлады ведомство.