14.05.2025, 18:30

Аймағамбетов: Жасанды интеллектке тыйым емес, үйрету керек

Фото: желіден алынды

Оның айтуынша, қазіргі оқушылар ChatGPT, Gemini сынды платформаларды кеңінен қолданғанымен, бұл технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану дағдыларына үйретілмеген.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында білім беру жүйесінде жасанды интеллект құралдарын пайдалануға байланысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, қазіргі оқушылар ChatGPT, Gemini сынды платформаларды кеңінен қолданғанымен, бұл технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану дағдыларына үйретілмеген.

«Мұны жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік жүргізуімен салыстыруға болады. Ереже жоқ, бағдаршам жоқ, бақылау жоқ. Ал біз балаларға үй тапсырмасын осы құралдар арқылы орындауға жол беріп отырмыз, бірақ оны қалай дұрыс қолдану керектігін ешкім үйретпейді», – деді депутат.

Аймағамбетов дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталып, Бейжің мен Эстония, АҚШ сынды елдерде жасанды интеллектті оқыту мектеп бағдарламасына енгізілгенін мысал етті. Ал Қазақстанда осы уақытқа дейін ЖИ бойынша жүйелі оқыту мен әдістеме жасалмағанын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру саласында бұл олқылықтардың салдары – оқушылардың дайын жауапқа тәуелділігі, көшіру, сыни ойлау мен талдау дағдыларының әлсіреуі.

«Мұғалімдердің өздері де бұл технологияға толық дайын емес», – деді Аймағамбетов.

Осыған байланысты депутат бірнеше нақты ұсыныс жасады: 1. ЖИ бойынша ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру; 2. Білім мен ғылымда ЖИ қолдану тұжырымдамасын әзірлеу; 3. Мектеп пен ЖОО бағдарламаларына ЖИ енгізудің жол картасын қабылдау; 4. Этика, сыни ойлау, ақпараттық гигиена секілді модульдерді енгізу; 5. Мұғалімдерді арнайы курстар арқылы даярлау; 6. Бағалау жүйесін қайта қарап, академиялық адалдық талаптарын жаңарту; 7. ЖИ бағытында ұлттық әдістемелік орталық құру; 8. Ата-аналар мен оқушыларға арналған ашық онлайн курстар ұйымдастыру.

«Егер біз бұл мәселені жүйелі түрде қолға алмасақ, ертең балаларымыз технологиялық өзгерістерге бейімделе алмай, бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін. Олар жасанды интеллекттің пассивті тұтынушысы емес, оны тиімді, этикалық әрі сауатты қолданатын тұлға ретінде қалыптасуы тиіс», – деп қорытындылады депутат.