18.05.2025, 11:30

Атырауда өгей әкесі қызын бес жыл бойы зорлады деген күдікке ілінді

Фото: Pixabay

Қыз бала 17 жасқа дейін тіс жармай келген, ақыр соңында бәрін әпкесіне айтуға батылы жеткен.

Атырау тұрғынынан кәмелетке толмаған қызына азғындық әрекет жасалғаны туралы арыз түсіп, полиция қылмыстық іс қозғады, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

"Қазір аталған оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты және тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Ішкі істер органдары заң аясында тергеу амалдарына қатысушы барлық тұлғаның құқықтары мен тергеудің объективтілігін қамтамасыз етеді", — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алайда күдікті туралы мәліметті нақтыланбай отыр. Кейбір телеграм арнасындағы ақпаратқа қарағанда, күдікті жасөспірімнің өгей әкесі болуы мүмкін. 

Atyrau ONLINE Telegram-арнасында ер адам 5 жыл бойы 12 жастағы өгей қызына азғындық әрекеттерін жасағаны туралы ақпарат жарық көрді. Қыз бала 17 жасқа дейін тіс жармай келген, ақыр соңында бәрін әпкесіне айтуға батылы жеткен.

Telegram-арнаның мәліметінше, оқиға анасы үйде болмаған кездері қайталанып отырған. Ер адам қызды қорқытып-үркіткендіктен, ол осы уақытқа дейін қорқынышпен өмір сүрген.