18.05.2025, 15:30

Бес ай бойы жалақы алмағандардың ақшасын БҚО әкімі еселеп қайтарып бере ме?

Фото: gov.kz

БҚО-да жақында ғана болған сұмдық қылмысты баяндап өтейік.

Батыс Қазақстандағы тәжірибе станциясындағы қаржылық қылмыс әкімдік жүйесіндегі кемшіліктерді әшкерелеп берді.

Көктем жақындағанда Деркөл ауылындағы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» (ОАШТС) жұмысшылары егіс науқанына емес, бос қалған банк шоттарына алаңдады. Себебі бес ай бойы еңбекақы да, зейнетақы да, медициналық жарналар да аударылмаған екен. Сөйтсе, мекеме қаражаты «жалақы» деген желеумен сыртқа кетіп жатқан. Бұл іске кім кінәлі? Әншейінде облыстағы ақын-жазушыларды, өздерін «өнер адамымыз» деп санайтын жасы жеткен зейнеткерлерді жарылқаудан көз ашпайтын, солардың мерейтойын ғана дұрыстап өткізу үшін жүгіріп жүретін БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен БҚО әкімінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз осындай нақты мәселе туындаған жерде бой көрсете қоймайды. Соның кесірінен, нақтырақ айтсақ, әкімдердің өтіріктен-өтірік «Абайша» сұхбат беріп, өздерінің мемлекеттік қызметтегі нөкерлері мен «ақын-жазушыларын» әлпештегенінің салдарынан БҚО-да бірнеше рет жемқорлық орын алып, басшылар әбден есіріп, тіпті халықтың ақшасына «бәс тігетін» болған. Ал облыс басшыларын ол нәрсе емес, кәрі «ақын-жазушылардың» алдында қалай «жағынып» сөйлесек екен деген жайт қана алаңдататын сыңайлы. Олай болса, БҚО-да жақында ғана болған сұмдық қылмысты баяндап өтейік.

Жымқыру жолы

Орал қалалық сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі үкіміне сәйкес, 31 жастағы бухгалтер Тимур Жалпанов Қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі алаяқтық) мен 218-бабы (қылмыстық табысты заңдастыру) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу дерегі бұны анық көрсетеді. 2023 жылдың 16 қазанынан 2024 жылдың 1 наурызына дейін ол директор Аспен Орынбаевтың электрондық қолтаңбасын еркін пайдаланып, 53 рет аударым жасап, кәсіпорын шотынан 26,8 миллион теңгені өз карталарына жіберген. Ең ірі төлем – бір жолғы 13 миллион.

Жымқырылған соманың 8,4 миллионы «1XBet» пен «Fonbet» букмекерік платформаларына кетіп, небәрі 3,3 миллионы ғана «ұтыс» түрінде қайтарылған. Құмар ойындардағы орташа қайтарым 39 пайыздан аспайтынын ескергенде, кәсіпорын қаржысының кемі алты миллионы із-түзсіз, есепсіз құрып кетті. Дәлірек айтсақ, құртқан.

«Толық сенім» бе, әлде келісілген схема ма?

Директор Орынбаев сотта «ЭЦҚ кілтім бухгалтерде болды, себебі өзім далалық жұмыстардамын, оған сендім» деп ақталды. Ал көмекші бухгалтер Салтанат Есетова тергеу кезінде «қылмыстан кейін құжаттар жарты жыл кейінгі датамен толтырылды, қол қоюға қысым жасалды» деді. Оның сөзінше, әр тергеуден соң директор сұрақ-жауаптың бәрін біліп отырған.

Адвокат Бауыржан Зәки осы «заңсыздықты» жіті бақылап жүрген, азаматтық позициясы мығым азамат.

Ол өз парақшасында былай деп жазды:

«2023 жылғы 16 қазаннан 2024 жылғы 1 наурызға дейін Тимур Жалпанов 26,8 миллион теңгені жеке шоттарына аударған. 8,4 миллионы букмекерлік есепшоттарға жіберіліп, 3,3 миллион теңге заңсыз табыс ретінде алынған».

Осы сөздің өзі‐ақ кәсіпорында да, облыстық деңгейде де бақылау болмағанын айдан анық етіп отыр.

Антикоррупция қызметі 2024 жылдың 18 қыркүйегінде Орынбаевқа байланысты материалды жеке өндіріске бөліп, қандай да бір процессуалдық шешім шығарған. Бірақ құжат мазмұны жұртқа жарияланбады. Салғырттық па, әлде сөз байласу ма? Бұл – әзірге ашық сұрақ.

Әкімдіктің «қараусыз» бақылауы

ОАШТС, яғни «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» – 1933 жылдан бері Батыс аймақтың тұқым шаруашылығы мен жаңа сорт сынағын жүргізетін стратегиялық база. 2007 жылдан бері мемлекет үлесі – 51 пайыз. Демек кәсіпорын директорының тағайындалуы да, қаржылық тәртібі де облыс әкімдігіне тікелей тәуелді.

2023 жылы қызметіне кіріскен облыс әкімі Нариман Төреғалиев аграрлық инновацияны «өңір экономикасының драйвері» деп атағандай болып еді. Бірақ осы «драйвер» 2023-2024 жылы бірде-бір қаржылық аудиттен өтпепті. Қоғамдық кеңес күн тәртібіне мүлдем шығармаған. Нәтижесінде 53 реттік миллиондық аударымды автоматтандырылған жүйе де, облыстық тексеріс те байқамаған. Бұл қалай сонда? Бассыздықтың басы тек осы ма?

2024 жылы Батыс Қазақстанда 38 ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс тіркелсе, көпшілігі дәл осындай квазимемлекеттік құрылымда болған. Яғни «төмен көрсеткіш» деген статистика салааралық қулықпен бұрмаланады.

Жалақысыз қалған жүз адам

Ұжымдағы жүзге жуық қызметкер бес ай бойы айлықсыз қалды. Егер дұрыстап зер салсақ, зейнетақы қоры, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесі бойынша әрқайсысының атында берешек тұр деген сөз ғой бұл... Он жеті адамның банктік несиесі 60 күннен асып, айыппұлы үстемемен жазылды.

Сот қаражатты кәсіпорын есебінен өндіріп алуды тапсырғанымен, ОАШТС-тың шотында мұндай ақша жоқ. Субсидия мақсаттық сипатта: оны жалақы төлеуге жұмсау үшін облыс қаржы басқармасы қосымша шешім қабылдауы керек. Әзірге тек үнсіздік байқалады.

Еңбек құқығы жөніндегі кеңесші Жанар Қалиева: «Ұжымдық келісімшарт жоқ жерде жұмысшылар сот арқылы толық өтемақы ала алмайды. Еңбек инспекциясы жоспардан тыс тексеріс ашуы керек-ақ еді» дейді.

Неге жүйе сыр берді?

Біріншіден, ЭЦҚ қауіпсіздігі. Кілтті бір адамға табыстау – ақпараттық қауіпсіздік регламентін өрескел бұзу.

Екіншіден, Қаржылық мониторингтің істен шығуы. Мемлекеттік модуль 53 ірі транзакцияны «байқаған» жоқ.

Үшіншіден, Аймақтық аудиттің жоқтығы. Жоспарлы ревизия жасалса, алғашқы аударымдарда-ақ ұрлық ашылар еді.

Аграрлық экономист Әли Мұқанов мұны «цифрландыру болғанмен, қауіпсіздік хаттамасы жоқ жүйе» деп түйіндейді.

Тарих және жүйелік салдар

1930 жылдары іргесі қаланған станция кезінде майлы дақылдың қазақы климатқа бейім жаңа сортын шығарған. Бүгінде ол жыл сайын 400-500 гектар демонстрациялық алқаптан дерек жинап, республикалық ғылыми-өндірістік орталыққа жібереді. Қаржылық тәртіп бұзылса, тұқым сапасы жөніндегі ресми статистика да бұрмаланады. Бұл – ауыл шаруашылығы субсидиясының әділдігін күмәнге қалдыратын мәселе.

Республика көлемінде 2024 жылы 1 015 коррупциялық іс қозғалды, басым бөлігі – жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты кәсіпорындарда. Соған қарамастан, квазимемлекеттік ұйым басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғау көрсеткіші 15 пайыздан аспайды. ОАШТС оқиғасы – сол күрделі статистиканың жергілікті көрінісі ғана.

Лудомания факторы

Бухгалтердің 8,4 миллион теңгені букмекерлік сайттарға жіберуі мемлекеттік сектордағы жаңа тәуекелді ашты. Қазір Мәжіліс «Лудоманияның алдын алу» туралы заң жобасын қарастырып отыр. Бірақ заң шыққанша, әлі талай сұмдық болғалы тұр. Бұндағы кілт сөз – «жеке сенім». Орынбаева секілді басшылардың «сен актер боласың, ал мен режиссер болайын» дейтін тәсілі жалғаса берсе, келесі ұрлықтың көлемін болжау қиын.

Бұл оқиға – бір есепшінің қулығы ғана емес, облыстық басқару пирамидасының қалай дұрыс жұмыс істей алмай отырғанының көрінісі. Директордың көз жазып қалуы, әкімдіктің бақылау функциясының формалдылығы, Антикордың ашық емес тәсілі – барлығы үш қабат кемшілік жүз адамды табыссыз, өңірді беделсіз қалдырды.

Ұрланған ақшаны қайтару – тек алғашқы қадам. Негізгі міндет – жүйені қайта құру. Ол үшін ЭЦҚ қауіпсіздігін шынайы қамтамасыз ету, қаржылық мониторингті автоматтандыру және квазимемлекеттік секторды шынайы қоғамдық бақылауға ашу керек-ақ. Әйтпесе Батыс Қазақстанның «драйвері» атанатын аграрлық ғылымы бұдан да ауыр тұйыққа тірелуі мүмкін. Ал облыстың басы болып отырған «бейшара» басшылар осылай сандала берсе, қарамағындағы қитұрқылар қазынаны ұрлап, халықты әлі де аш қалдыра бермек...

Тегтер: БҚО әкім жалақы