Бұл видеоны барынша таратыңыздар.
Желіде Бомбардиро Крокодило мен Тралалело Тралала, Балерино Капучино деген атаулармен нейрондық желілер жасаған жануарлар бейнеленген мультфильм тарап, миллиондаған қаралым мен лүпіл жинауда. Алайда қазақстандық блогер ата-аналарға мұндай контентті балаларға көруге тыйым салу керек екенін жеткізді. Айтуынша, бұл кейіпкерлердің сөздерінің аудармасында құдайды мазақ етіп, соғыс, қатыгездікті насихаттайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тез әрі кең таралған видеоны әсіресе балалар қызығушылықпен қарап, сөздерін жаттап алған. Блогер Арман Юсупов бұл видеолардың мәнін түсіндіріп, ата-аналарға ескерту жасады. Ол вирустық бейнелер бір қарағанда еш зияны жоқ сияқты болып көрінетінін, алайда мағынасына үңілсең өте қауіпті насихат екенін алға тартты.
“Бұл видеоны барынша таратыңыздар. Шошып отырмын. Бәлкім сіздер желіден италиялық жануарларды көрген шығарсыздар. Әсіресе 2010 жылдан 2024 жыл аралығында туған альфа ұрпақ осы мультфилімдерді қарайды, күліп, көңіл көтереді. Бірақ белгілі болғандай бұл мультфильмдер мен онда айтылған әндердің мағынасы өте қорқынышты.
Мәселен, Тралалело Тралаланың айтатын әнінде құдайды, дінді қорлайтын сөздер айтылған. Тіпті оқуға ауызым бармайды. Ал Бомбардиро Крокодило әнінде бомбалаушы крокодил ұшқыш Газа мен Палестинадағы балаларға бомба тастайды деген. Мұны жасаған кімдер екенін білмеймін. Кім болса да контент арқылы сананы басқарып, балалар арқылы осындай қорқынышты ойларын астыртын жеткізіп жүр. Мүлде түсінбеймін, бірақ кімдер болса да дұрыс емес нәрсе жасап отыр. Ал бір қарағанда барлығы көңілді жақсы кейіпкерлердей көрінеді. Сондықтан ата-аналар енді бізге бұл мультфилімді балаларға көрсетпеу керек”, – деді ол.