Оның айтуынша, жиырма жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген, алайда пәтер иесі маусым айынан бастап үйді босатуды талап еткен.
Жетісу облысы, Ескелді ауданында алты баланы ана қаңғып қалды. Самал Болысбаева жиырма жылдан бері елдің босағасын сыңалап келеді. Көпбалалы ана мүлдем баспанасыз қалу алдында тұрғанын айтып, жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, халықтан көмек сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, жиырма жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген, алайда пәтер иесі маусым айынан бастап үйді босатуды талап еткен.
«Өзімнің алты балам бар. Шешем – мүгедек. Қазір бізді ешкім пәтерге кіргізгісі келмейді. Әкімдікке барсам, күтіңдер дейді, бірақ нәтиже жоқ. Қарабұлақ пен Шұбар ауылдарының әкімдеріне де бардым. Бәрі құр уәде беруден ары аспайды. Әкімі де, әкімдігі де суайт», – дейді шарасыз ана.
Самал Болысбаева жергілікті әкімдікке бірнеше рет жүгінгенін, алайда нақты көмек берілмегенін айтты. Ол Ескелді ауданындағы және облыс деңгейіндегі билік өкілдерінен әлеуметтік баспана немесе уақытша пәтермен қамтамасыз етуді сұраған.
«Сізденден көмек сұраймын, мүмкін бір пайдасы тиіп қалар балаларыма. Кім келіп тексерем десе де жағдайым нашар, көрсін. Аудан орталығы Қарабұлақтың әкіміне, Шұбар ауылының әкіміне де бардым. Жыл сайын барам бірнеше реттен, әкімдер құр сөзбен шығарып салады, ешқандай әрекет жасамайды, ашуым келеді оларға. Олар облысқа арызданба, проблемаларды өзіміз шешеміз деп үнемі алдап келеді. Жуырда жүгім, заттарымды далаға жинап қойып, жолдың бойында жатпасам басқа амалым қалмады. Ауру шешеммен бірге мені ешкім үйлерін жалдауға бермейді, алмайды. Үйдің иесі времянкасын босат деп жатыр. Мен қайда барам енді?», - деді 44 жастағы көпбалалы ана.
Жалғызбасты ананың айтуынша, көпбалалы және әлеуметтік осал топ ретінде кезекте тұрғанына қарамастан, жылдар бойы мәселе шешілмеген.
Көпбалалы ана қазір халықтан көмек сұрауға мәжбүр. Қолында мүгедек анасы мен алты баласы бар ол уақытша тұратын баспана іздейді.
Мұндай жағдайлар елімізде жиі кездесіп, әлеуметтік қорғау саласындағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Бұл жағдай Қазақстандағы көпбалалы аналардың әлеуметтік мәртебесі мен баспана мәселесін қайта қарау қажеттілігін алға тартады.