20.05.2025, 04:30

«Германияда ота жасаттым»: Танымал кәсіпкер сүтті шайдың зиянын айтып, дабыл қақты

Фото: Айдын Рахымбаевтың жеке парақшасынан

Дәрігер менің анализдерімді тексеріп, сүтті қаншалықты көп ішетінім туралы сұрады.

Танымал кәсіпкер, BI Group құрылыс холдингінің негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев денсаулығына қатысты жазба жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол сүтті шайдың зиян екенін айтып, Германияда ота жасатқан сәтін есіне алды. 

«Бірнеше жыл бұрын жүгіріп жүргенде менің тізем ауыра бастады. Тексеруден өтсем, буындарыма тұз жиналыпты. Германияда ота жасатып, бәрін тазалаттым», - деді ол.

Ол дәрігерден естіген ақпардан таңданғанын жасырды. 

«Дакар алдында Еуропадағы тамақтану институттарының біріне бардым. Дәрігер менің анализдерімді тексеріп, сүтті қаншалықты көп ішетінім туралы сұрады. Мен таңертең сүтпен ботқа жейтінімді, сүт қосқан спорттық коктейль мен сүтті шәй ішетінімді айттым. Дәрігер таң қалып, сүттің құрамында лактоза барын ескертті. Оны ересек адамның ағзасы көп жағдайда қорыта алмайды екен. Лактоза глюкоза мен галактозаға ыдырап, ағзадан толық шығып кетпейді. Галактоза (сүт қышқылы) буындарға жиналып, артрит пен тізеге тұз жиналуына әкеледі. Біздің аталарымыз сүттің зияны туралы білмесе де, біз заманауи зерттеулерді ескеруіміз керек. Бұл туралы жақындарыңызға айтып, ата-апаларға ескертіңіздер», - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ғылыми зерттеулер әлемдегі үлкен кісілердің көбі үшін сүт зиян. Соның ішінде, Азиядағы қарт кісілердің 90 пайызы үшін сүт зиян болып шыққан.

«Мені бұл жаңалық тоқ соққандай, оятып жіберді», - деп түйіндеді Айдын Рахымбаев.