28.05.2025, 17:20

«16 жасымда тұрмысқа шықтым»: Ақтөбелік келіншек 12-баласын дүниеге әкелді

Фото: желіден алынды

Олар қазір балалардың жәрдемақысымен күн көріп отыр.

16 жасында тұрмысқа шыққан ақтөбелік келіншек 12-баласын дүниеге әкелді. Олардың енді 5 қыз, 7 ұлы бар. Отбасы ең төменгі жалақы және балалардың жәрдемақысымен күн көріп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Көпбалалы отбасы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұрады. Айым Сүйеуқұлова 34 жаста, 18 жылдан аса уақыт бала тәрбиесімен үйде отыр. Жолдасы Азамат Хадимжан 39 жаста. Жұбайының айтуынша, жеке мекемеде 10 жылдан бері күзетші болып істейді. Үйдің тұңғышы 18 жаста, ақылы бөлімде оқиды.

“16  жасымда тұрмысқа шықтым. Биыл 16 тамызда отау құрғанымызға 19 жыл болады. Үлкен қызым 18 жаста. Колледжде оқиды. Мамандығы бастауыш пәні мұғалімі. Биыл 3-курс бітіреді. Балаларымның аман-есен ержетіп, өз орындарын тапқанды армандаймын. Абыройлы, саналы ұрпақ болса екен деген тілегімді күнде айтамын. Әрқайсысы бір-бір мамандық иесі болып, қатарынан қалмаса екен”, –деді Айым Сүйеуқұлова.

Отбасының негізгі күнкөрісі балалардың жәрдемақысы. Олар аудан орталығында пәтер жалдап тұрады. 7 бала мектеп жасында, екеуі балабақшаға барады, 2 бала үйде анасының қасында.

“Бұған дейін 11 балаға барлығы 237 мың теңге жәрдемақы алдым. Жолдасым ең төменгі жалақы алады. Өмір сүріп жатырмыз. Кейде күнделікті жұмсауға жетпей қалады. Несие бар, қарыз бар. Осы ақшаға студенттің оқу ақысы төленеді. Пәтерге коммуналдық қызметпен қосқанда айына 50 мың теңге төлейміз. Өзіміздің үйіміз болғанды армандаймын. Қыздарым бөлек, ұлдар бөлек бөлмеде жатса екен деп армандап қоямыз”, – деді көпбалалы ана.

Айым он екінші баласын 24 мамыр күні өмірге келді.  Ер баланың атын Мұхаммед-Әли деп қойған. Ол 3400 гр болып өмірге келді. Шалқар ауданы әкімдігі отбасыға мектепте бала саны азайған ауылға көшіп баруға ұсыныс жасаған. Баспана, ірі қара мал берілетінін айтқан.

“Отбасы көпбалалы ретінде 2022 жылы кезекке тұрған. Бұл кезекте 245 отбасы бар. Отбасын білемін, жолдасына ауылға тұруға ұсыныс жасадым. Ол көлік жөндеу сервисінде істейді. Ауылда екеуіне де жұмыс табылатынын, баспана, бес бас ірі қара мал берілетінін айттым. Бозой ауылдық округіне қарасты Аяққұм ауылына бар, балалар оқушы саны азайған мектепте оқысын дедік. Ол жаққа төрт отбасын апардық. Жолдасы келіскенімен, жұбайы қолдамаған секілді”, – деді Шалқар ауданы әкімі Жанболат Жидеханов.