Оның айтуынша, қазір негізгі айып тек қана Абзал Шынасылға тағылып отыр.
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева барлық айыпталушылардың әрекетін ерекше қатыгездікпен жасалған топтық адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, қазір негізгі айып тек қана Абзал Шынасылға тағылып отыр.
"Айыптау актісіне сәйкес, 2024 жылғы 4 қазанда сағат 00:42-де “Қамажай” дүкенінің жанында Шынасыл кәмелетке толмаған Полатты әдейі жүрек тұсынан пышақпен жарақаттайды. Полат қашуға әрекеттенгенімен, 45–50 метр жүгіргеннен кейін асфальтке құлайды. Анасы оған жүгіріп бармақ болған, бірақ Шынасыл мен Ілиясов кедергі болған", – деді Ажығалиева.
Ол шабуылдың ұйымдасқан сипатта болғанын атап өтті.
"Осыдан кейін Әскентай, Тоқтаубаев, Сакиев және Шынасылдан құралған топ Шерзатқа қарай бет алған. Анасының қарсыласқанына қарамастан, Белғожаев Шерзаттың басына бірнеше рет пышақпен, Ілиясов мылтықпен ұрған. Қалғандары қолмен ұрып, аяқпен тепкен. Сағат 01:30-да Шерзат Талғар ауруханасында көз жұмды", – деді адвокат.
Ажығалиева прокурорға жаңа айыптау актісін дайындауға уақыт беру үшін сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады.
"Ұсынылған дәлелдерге сүйене отырып, Әскентай, Тоқтаубаев, Белғожаев және Ілиясовтың әрекеттері 293-баптың 3-бөлімі, 24-баптың 3-бөлімі және 99-баптың 2-бөлімі “Топ болып, ерекше қатыгездікпен кісі өлтіруге оқталу” бойынша саралануы тиіс деп санаймыз. Сакиевке 99-бап бойынша қатаңырақ жаза тағайындауға негіз жеткілікті", – деді адвокат.
Алайда айыптау тарабы бұл өзгерістерге қарсы шықты. Прокурор Дана Сәрсенбай тергеу барысында барлық материалдар мұқият зерттелгенін атап өтті.
"Өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұраймыз. Алдын ала тыңдау өткізу қажеттілігі жоқ деп санаймыз. Өз ұстанымымызды тараптардың жарыссөзінде білдіреміз", – деді Сәрсенбай.
Судья Ербол Жанұзақов екі тарапты тыңдап, айыптауды қайта саралау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Ол мұндай шешім тек прокуратура құзырында екенін баса айтты.
"Бұл кезеңде алдын ала тыңдау өткізуге негіз жоқ. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 340-бабына сәйкес, сот істі тек ұсынылған айыптау шеңберінде қарайды. Айыпталушылардың кінәлі немесе кінәсіз екендігі кеңесу бөлмесінде шешіледі. Мемлекеттік айыптаушылар қажет деп тапса ғана жаңа айыптау актісін дайындауға уақыт берілуі мүмкін", – деп түсіндірді судья.
Осылайша, сот жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады. Іс бұған дейін тағылған айып шеңберінде қаралатын болады.