$ 510.19  582.79  6.46

«Әпшу» сұрайды, шашын алып тастайды»: Қазақ әйелдері балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына ашуланды

Блогер Динара Канзлер "әпшу берші" дәстүрін өрескел әрі зиян санап, оның баланың психикасына кері әсері бар екенін айтты.

Фото: 247media.kz
Фото: 247media.kz

Ата-аналар қазір кейбір дәстүрлердің баланың жеке шекарасын бұзып, психологиялық зақым әкелетінін айтып, шағымданды. Алматы тұрғыны Лаураның айтуынша, қайын атасы баласының шашы сирек болғанына қарамастан қырып тастау керек деп сөйлей береді. Ол баланың және ата-ананың шешімін сыйлау қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Алматылық Лаураның баласы 2,5 жаста. Шашы сиректеу, бірақ бұл жағдайға Лаура аса алаңдамайды, себебі өзі де бала кезінен жұқа шашпен өскен. Бұл генетикаға байланысты нәрсе деп түсінеді. Соған қарамастан, қайын атасы баланың шашы сәл өссе болды, “шашын қырып таста” деп қайта-қайта ескертіп отырады екен.

"Менде ұл бала, кез келген кезде шашын алуға болады. Жарайды, деп қоя салсам біраз күннен кейін “неге алмағансың, неге тыңдамадың” деп ренжиді. Жарайды деп 1-2 рет алдым, бірақ шашы бәрібір сол қалпы. Бірақ сол баяғы сценарий қайталанады. Мінезі өзі беймаза кісі. Сөз таластырғанмен пайда жоқ екенін түсінемін. Бірақ дәл қайын атаның беймазалығы шыны керек біртүрлі екен. Кейде әрең шыдасамда жолдасымды сыйлағандықтан қоя саламын. Жолдасым мінезі тік, өзіміз білеміз деп айтып тастайды", – деді Лаура.

Әлеуметтік желіде блогер Динара Канзлер "әпшу берші" дәстүрін ескінің қалдығы және педофилияға тән нәрсе деп сынады.

"Қысқасы, достар, мен кейде біздің дәстүрлеріміз туралы естігенде жағамды ұстаймын. Кейбіреуі мына видеоны көріп, есінен ауысты дейтін шығар. Жеке өз басым солай ойлар едім. Нақты қандай мәселе? Айтайын. Кеше Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбындағы вебинарды тыңдадым. Жалпы онда ел естімеген көп қызық дүниелер талқыланды. Соның ішінде бір нәрсе назарымды қатты аударды. Әрине, қазақ халқының дәстүрлері сонау арғы заманнан бері қолданылып келе жатыр. Бүгінде мұндай дәстүрлердің көбінде гендерлік зорлық-зомбылықтың иісі шығып тұрғанын айта кеткен жөн. Солардың бірінде ересек ер адамдар кішкентай ұл балалардың жыныс мүшесін сұрап, оны иіскейді. Иә, шынтуайтында бізде мұндай дәстүр бар, тіпті оның атауы мен мағынасы да бар", – деді Динара Канзлер.

Осы ретте психоанализ маманы Жансая Серікованың айтуынша, әсіресе, бұл нәресте мен 2-3 жасқа дейінгі балаларға қатысты болса, қалыпты жағдай деп қарастырылады. Алайда бұл жерде баланың жасы өте маңызды рөл атқаратанына да тоқталды.

"3 жасқа қарай балада өзінің "мен" деген түсінігі қалыптаса бастайды, яғни ол өзін жеке тұлға ретінде сезініп, ұл немесе қыз екенін ажырата бастайды. Осындай кезеңде шашын еркінен тыс алып тастау оның жеке кеңістігі мен шекарасына қол сұғу болып есептеледі. Сондықтан баланың жасы өскен сайын, оның сезімі мен жеке еркіндігін ескеріп, мұндай әрекеттерді алдын ала түсіндіріп, келісімін алған дұрыс", – деді психолог Жансая Серікова. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 4
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары