Полиция биіктен құлау дерегі бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Жеткіншек ерекше күтімді қажет ететін бала болған.
Павлодар қаласында қайғылы оқиға тіркелді. 2019 жылы туған бала алтыншы қабаттағы терезеден құлап кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
– Бала алған жарақаттарынан кейін көз жұмды. Белгілі болғандай, балкон шыныланған, ал бала ерекше күтімді қажет еткен. Пәтерде анасы ас үйде шаруамен айналысып жүрген. Сонымен қатар әпкесі де үйде болған. Полиция баланың құлау дерегі бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары кішкентай балаларды ашық терезесі немесе балконы бар бөлмеде қараусыз қалдырмауға шақырады, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Полицейлердің айтуынша, балалардың құлау себептерінің бірі – олардың сүйеніп қалуға тырысатын, дұрыс бекітілмеген маса торлары немесе ашық тұрған терезе, балкон есіктері.
Қайғылы оқиғалар көп жағдайда ата-анасы немесе туыстары үйден шығып кеткенде, үй шаруасымен айналысып жүргенде болады.
– Баланы терезеден немесе балконнан құлау қаупінен сақтау – әр ата-ананың қолында. Терезеге қорғаныссыз маса торын орнатпаңыз. Арнайы терезе құлпын немесе кілтпен жабылатын тұтқалар орнатыңыз, оларды бала өз бетінше аша алмайды. Баланы терезе мен балконның жанында ойнап жүргенде қараусыз қалдырмаңыз. Оларға қауіпсіздік туралы сабақ беріп отыру маңызды. Сақ және қырағы болыңыздар. Үйдегі балалардың қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін ұмытпаңыздар, - дейді өңірлік полиция департаментінің мамандары.