04.06.2025, 03:20

Астанадағы «7 бочек» тұрғын үй кешенінен алапат өрт шықты (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге белгісіз.

Дәл қазір ТЖМ өрт сөндірушілері Астана қаласының Нұра ауданында қызыл жалынға оранған тұрғын үй кешеніндегі өртті ауыздықтауға барын салып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

— Осы уақытта ТЖМ өрт сөндірушілері Астана қаласының Нұра ауданындағы Сығанақ көшесінде орналасқан тұрғын үй сыртқы қаптамасының өртенуін сөндіруге тырысып жатыр. Оқиға орнында күштер мен құралдар жоғары дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталатын болады, — деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.

Мәлім болғандай, өрт орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

— Суды үздіксіз беру ұйымдастырылды. Өрт болған жерді полиция департаментінің қызметкерлері қоршап алды. Жеке құрамнан 45 адам және 13 бірлік техника жұмылдырылды, — деп жазды ведомстводан.

ТЖМ мәліметінше, өртті оқшаулау үшін барлық шаралар қолданылып жатыр. Өртті сөндіруге бірнеше су оқпандары берілген.