Бұл көлікке жол жүруге рұқсат берілмеген.
Түркістан облысында Тараз – Шымкент бағытындағы ақылы жолда ауыр жүк көлігі апатқа ұшырап, қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға Түлкібас ауданындағы Келтемашат ауылының маңында, Машат асуынан түсер тұста орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Shacman маркалы фураның тежегіш жүйесі істен шыққан. Соның салдарынан жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, жүк көлігі жол бойымен көлденең айналып кеткен.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, апат салдарынан 220 метрге созылған жол қоршауы бүлініп, трасса толықтай жабылған.
Айта кетейік, бұл көлікке жол жүруге рұқсат берілмеген. Себебі оның өлшемдері – ені мен биіктігі – рұқсат етілген шектен асып кеткен.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір жолдың бір жолағы арқылы көлік қатынасы қайта жанданды. Тиісті қызметтер жолды толық ашу үшін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.