Әлеуметтік желіде қыздың қасында белгісіз ер адамның жүргені түсірілген бейнежазба тарады.
Атырау облысының Кұлсары қаласында жоғалған 8 жастағы қыз баланың денесі табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Баланы іздеу жұмыстары 5 маусым күні кешке басталған. Ол күндіз үйінен шығып, қайта оралмаған. Жақындары полицияға сағат 21:28-де хабар берген. Қызды іздеуге жедел қызметтер мен еріктілер жұмылдырылды. Қаладағы бейнебақылау камералары да тексерілді.
Өкінішке қарай, 6 маусымға қараған түні сағат 02:19 шамасында қыздың мәйіті Кұрсай каналының жағасынан табылды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ресми өлім себебі әзірге анықталған жоқ.
Әлеуметтік желіде қыздың қасында белгісіз ер адамның жүргені түсірілген бейнежазба тарады. Көп ұзамай аталған азамат күдікті ретінде ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің “Зорлау” және “Кісі өлтіру” баптары бойынша іс қозғалды. Полиция департаментінің бастығы бұл істі жеке бақылауына алды.
Күдіктінің жасы 36-да. Тергеу жалғасып жатыр.