Ол сөзін: “Біз көппіз, және орыс тілі — біздің тіліміз!” деген сөйлеммен орыс тілінде аяқтады.
Латвия парламентінде орыс тіліне қатысты мәселе қызу дау тудырды. Депутат Алексей Росликов орыс тілін қорғаштап сөйлегені үшін отырыстан шығарылып тасталды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Парламент «кеңестік дәуірде жүргізілген русификацияның тілдік зардаптарын жою» туралы декларацияны қарастырып жатқан болатын. Депутат Росликов бұл құжаттың күн тәртібіне енгізілуіне қарсы шықты. Ол Латвияда орыс тіліне қысым күшейіп келе жатқанын, ал мұндай қадам ел бірлігіне кері әсер ететінін айтты.
— Біз — осы елдің жартысымыз! Бізсіз Латвияның болашағы бұлыңғыр! Сіздер үнемі бізден бір нәрсе тартып алуға тырысасыздар. Қай тілде сөйлеуіміз керек екенін, неге сенуіміз керектігін шектейсіздер, — деді Росликов.
Ол сөзін: “Біз көппіз, және орыс тілі — біздің тіліміз!” деген сөйлеммен орыс тілінде аяқтады.
Осыдан кейін парламент спикері оның мінез-құлқын «этикетке сай емес» деп бағалап, залдан шығару туралы дауыс беруді бастады. 100 депутаттың 63-і оны отырыстан шығарып жіберуге дауыс берді. Себеп ретінде орыс тілін қолдануы мен сеймге құрметсіздік танытқаны айтылды.
Айта кетейік, Латвияда 1,8 миллион халық тұрады. Ресми деректер бойынша, олардың шамамен 40 пайызы – орыс тілді азаматтар. Елде тек латыш тілі мемлекеттік мәртебеге ие, ал орыс тілі – шетелдік тіл саналады.