07.06.2025, 17:30

«Маған аяқ керек»: Астанадағы автобус апатында аяғынан айырылған бүлдіршіннің анасы көпшіліктен көмек сұрады

Фото: Facebook/Гүлбану Әниятқызы

Баланың анасы ажырасқан, 5 баласы бар.

Астанада Республика даңғылының бойындағы автобус апаты кезінде аяғынан айырылған 8 жасар бүлдіршін Алуаның анасы көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы журналист Гүлбану Әниятқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Достар, бүгінгі Құрбан айтта осы қызға көмектесейікші.

7 жастағы Алуа автобус апатынан кейін екі аяғынан бірдей айырылды.

Балапан 1 сыныпты бітіріп, әжесімен Астанаға қыдырып келген екен. Автобуста бүкіл отбасы болған. Мегадан келе жатқанда жүргізуші көшенің шетіндегі бағананы көрмей қалып соғылған. Әжесі терезеден ұшып кеткен, Алуаның бір аяғы темірге қысылып, жұлынып қалған. Дәрігерлер ота жасап, екінші аяғын тізеден төмен ампутация жасады. Аруна “маған аяқ керек” деп тоқтамай жылап жатыр дейді…

Баланың анасы ажырасқан, 5 баласы бар. Зардап шеккен қызы Алуаға күтім керек болған соң, Егіндікөл ауылындағы балабақшадағы жұмысынан шығып, Астанаға келіпті. Алуаның еміне көп қаржы керек, амалсыз жұрттан ақша жинауға мәжбүр болып отыр екен.

Кішкентай Алуа тезірек сауығып кетсін. “Шапқылап кет, балақай” деп айта алмайтынымыз өте өкінішті.

Каспи нөмірі, картасы түгел жазылып тұр.  Көмектескен, жазбаны таратқан жанға Алла разы болсын", - деп жазды ол.