Елімізде жанар-жағар май тапшылығы өршіп барады. Осыдан екі апта бұрын солтүстік және батыс аймақтарда байқалған бұл жағдай Алматыда қайталануда, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бірқатар жанармай құю бекеттерінде қолма-қол ақшаға берілетін мөлшер шектелсе, кейбірі тек талондар бойынша сатуда.
Осыны байқаған автожүргізушілердің басым бөлігі темір тұлпарларының багын толтырып алуға тырысуда. Сондықтан кейбір бекеттерде ұзын-сонар кезектер пайда болған. Ал халық көптеп тұтынатын АИ-92 маркалы бензинді мүлдем сатуды тоқтатқан компаниялар логистикалық қиындықтарға байланысты деп отыр. Кезінде жеткізіп үлгермей жатқанын алға тартуда. Осындай қиындыққа бірінші болып тап болған қостанайлықтардың жайы мүлдем қиын. Қазір қалаға жақын маңдардағы елді мекендерден жұрт келіп, жанармай құюда. Себебі облыстағы бекеттер жұмысын тоқтатыпты. Оралдағы жағдай да мәз емес. Дала жұмыстарының қызған шағында Ресейдегі бағаның көтерілуі жағдайды қиындатқан.
Николай Фролов, жанармай құю бекетінің иесі:
– Ресей көтерме бағамен сатылатын жанармайдың құнын шілде айында көтерді. Ол жақтан сатып алған әр литрді 115 теңгеден сатсақ 5 теңге ұтыламыз. Жеткізу және сақтау шығындары тағы бар. Тұтынатын көлемнің 80 пайызы Ресейден келетіндіктен қазір тапшылық байқалуда. Біздегі бағаны көтеруге рұқсат етілсе жағдай оңалады.