Нұржан Мамаштың айтуынша, бұған дейін бұрынғы келіні інісінің ұрып-соққанын айтып еш шағымданбаған
Астанада әйелін ұрып-соқты деп айыпталған экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Сот кулуарында айыпталушының туған ағасы Нұржан Мамаш журналистер сұрағына жауап берді. Оның пікірінше, жанжалға ақша себеп болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы stan.kz-ке сілтеп.
Нұржан Мамаштың айтуынша, бұған дейін бұрынғы келіні інісінің ұрып-соққанын айтып еш шағымданбаған
"Олардың отбасылық өмірінде ешқандай зәбір көру жағдайы болмаған. Олар он бір жылдай бірге тұрды. Ұрып-соқты деген ешқандай шағым болған жоқ. Екеуі бақытты өмір сүрді. Бір ұл, бір қызы бар. Төрт жыл Бельгияда елшілікте жұмыс істеді, бір жыл елде жүрді де, кейін тағы төрт жылға келісімшартпен Біріккен Араб Әмірліктеріне кетті. Ешқандай ұрып-соғу болған емес. Олар жыл сайын еңбек демалысына шыққан кезде Шымкентте бір күн, ауылдағы қара шаңырақта ары кетсе үш күн жатып, одан кейін жылына кем дегенде бір рет Бали, Кариб аралдары, Барселона, Лондон, Парижге демалысқа кететін. Ініміз кеш үйленгендіктен келінімізді жақсы қабылдадық. Келінімізді Омбыдан құда түсіп барып алып келгенбіз", – дейді экс-шенеуніктің ағасы.
Оның сөзінше, Сәкен Мамаш пен Карина алғаш танысқанда, "қызын жақсы жерге күйеуге беру үшін" желіде жігітпен қызының орнына анасы сөйлескен.
"Телеграмда шешесінің, әжесінің, әпкелерінің барлығының сөздері бар. Кез келген әке-шеше қызының жақсы жерге, бақуатты жерге барғанын қалайды. Бәрі Карина 15 жаста болған кезде басталған. Екеуі mail.ru желісі арқылы сөйлесіп жүргенде қызының орнына шешесі сөйлескен. Жанар Сәкенмен Карина болып сөйлескен. Оны айтудан қорықпаймын, өйткені менде дәлелдер бар. Каринаның орнына Жанар сөйлескенін әпкесінің, апасының айтқаны бізде жазылып тұр, Телеграмда бар. Шешесін де түсінуге болады. Қызының жақсы жерге тұрмысқа шығып, кейінгі өмірі жақсы болғанын қалаған. Дипломаттың айлығы қанша екенін білесіздер. Бәрі содан басталып тұр. Барлық мәселе – ақшада", – дейді ол.
Сондай-ақ ол бауырының қайырымдылықпен айналысқанын атап өтті. Сотта Сәкен Мамаштың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы да жанжалдың бір себебі оның қорғауындағы азаматтың қайырымдылық қызметі болуы мүмкін екенін алға тартқан еді.
"Қайырымдылық қордың бастығын тауып алып сөйлестім. Сәкен оны танымаса да, Шымкенттегі ДЦП-ға шалдыққан балалар орталығына телефон арқылы ақша аударып көмектескен. Жыл сайын Ораза айтта отбасылық жағдайы төмен отбасылардың тізімін алып, соларға қаражат бөлген. Тамызда мектеп басталар кезде қалам-қағаз алу үшін тағы он бес адамға көмектескен", – деп мәлімдеді Нұржан Мамаш.