$ 511.92  588.91  6.44

«Тентектік емес, өліммен ойнау»: Қарағандыда оқушылар жүріп бара жатқан жүк көлігіне мінгесіп алған (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде Теміртаудағы үш мектеп оқушысының жүріп бара жатқан "Газель" көлігіне жармасып мінген сәті түсірілген видео тарады.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қарағанды облысында жүріп бара жатқан жүк көлігінің артына қауіпті түрде мінгесіп алған үш оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде Теміртаудағы үш мектеп оқушысының жүріп бара жатқан "Газель" көлігіне жармасып мінген сәті түсірілген видео тарады. Олар барлық қауіпсіздік ережелерін елемеген. Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырып, қала тұрғындарының алаңдаушылығын оятты. 

Полиция жедел әрекет етіп, жасөспірімдердің жеке басын анықтады. Олар 10–11 жас шамасындағы мектеп оқушылары болып шықты. Балалар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Олармен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия түсіндіру жұмысын жүргізіп, балалар мектепішілік есепке алынады. 

"Балалардың ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар, тәртіп бұзушылар мектепішілік есепке қойылады. Полиция ата-аналарға тәрбие беру шараларын елемеудің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Балаларға жолда ойнаудың  қауіпті екенін түсіндіруді сұрайды", – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Бейнежазбаның астындағы пікірлерде тағы бір алаңдатарлық оқиға сөз болды. Теміртау тұрғыны үш кішкентай баланы қағып кете жаздағанын жазған.

"Жасы шамамен алты-жетідегі балалар кенеттен көліктің алдына жүгіріп шықты. Қайта баяу келе жаттым, тоқтап үлгердім. Оларды қуып жетпек болдым, бірақ қашып кетті. Бұларға не болған? Қазір балалардың жаңа ойыны көлік астына секіру сияқты", – деп жазды ол.

Желі қолданушылары да түрлі пікір білдірді.

"Біз де бала кезімізде бұзық болдық, бірақ ол кезде көлік аз еді. Қазір қозғалыс тығыз, қауіп көп. Бұл енді тентектік емес, өліммен ойнау”,  “Неге алдымен видеоға түсіріп, желіге жүктейді. Сосын барып кінәліні іздей бастайды. Мүмкін, уақытында тоқтатып, түсіндіру керек шығар?" – деп жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары