18.06.2025, 01:00

Жеке мектептерді туысқандар мен таныстар басқарып отыр: Министр жеке мектептердің былығын ашты

Фото: желіден алынды

Министр мұндай жағдай бірнеше қалада кездесетінін атап өтті, алайда нақты мектептерді атамауды жөн көрді.

 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев жеке меншік мектептерде туыстық байланысқа сүйеніп, кадрлық тағайындаулар жасалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Министр мұндай жағдай бірнеше қалада кездесетінін атап өтті, алайда нақты мектептерді атамауды жөн көрді.

«Қай қалалар екенін, мектептердің атын айтпай-ақ қояйын, оларды ұятқа қалдырмай. Қажет болса, түсін түстеп, атын атап көрсетуге болады. Қазір бірінші кезекте туыстық принциппен мектеп басшылығына кадр тағайындау белең алып отыр. Білімге ешқандай қатысы жоқ адамдардың директор болуына, туыстары мен жақындарын мұғалім ретінде жұмысқа қабылдау фактілері тіркеліп жатыр», – деді министр.

Ғани Бейсенбаев қабылданған мұғалімдердің кәсіби сапасына қатысты да күмән барын жасырмады. Оның айтуынша, мектептерге ойға келген есімдерді қою, білім ошағы орналасқан аумақта нақты қажеттілік болмаса да, табыс табу мақсатында жаңа мектеп ашу сияқты әрекеттер белең алған.

«Кейбір жекеменшік мектептер екі мемлекеттік мектептің арасына салынып, сол маңдағы оқушыларды түрлі тәсілдермен өздеріне тартуға тырысып жатыр. Мұның бәрі білім сапасына кері әсер етеді», – деді министр. Ол бұл мәселелерді жүйелі түрде зерттеп, тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.