Ең өкініштісі – бұл көрініс халық үшін үйреншікті үрейге айналып барады.
Атырау облысындағы төтенше жағдайға байланысты жұртшылықтың ашуы басылар емес. Әлеуметтік желілерде тұрғындар өрттің бірнеше күн бойы өшірілмей жатқанына, жергілікті биліктің баяу әрекетіне наразылық білдіруде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Соңғы бірнеше тәулікте құтқарушылар 800 гектардан астам жерді оттан арылтқанымен, Атыраудан небәрі 37 шақырым жердегі 7 гектар алаңда әлі де жалын басылмай тұр. Бұл туралы 17 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі ресми мәлімет таратты.
Министрлік өртті сөндіруге барлық қажетті күш пен құрал жұмылдырылғанын хабарлайды. Жұмысқа табиғи қорық мамандары да тартылған. Құтқарушылардың сөзінше, қамыстың қалыңдығы, жердің батпақты болуы және желдің екпіні өртті сөндіруді қиындатып отыр. Авиация тарапынан 33 рет су төгілген. Алайда, тұрғындар нақты нәтиже байқалмай отырғанына алаңдаулы. Олар “жыл сайын бір сценарий, бір сылтау” деп, ТЖМ-нің жүйелі жұмысын талап етуде.
Өрт ошағында жедел штаб құрылған. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Жанабаев жетекшілік етуде. Ведомство жағдай толық бақылауда екенін мәлімдегенмен, халық күмәнмен қарайды. Қазір Атырау аспанын түтін басып тұр. Ең өкініштісі – бұл көрініс халық үшін үйреншікті үрейге айналып барады.