Айтбекпен алғаш байланысқанда, қайғыны бөлісетін азамат деп ойладым.
Қаржаубай журналист Руслан Өтепбайдың YouTube арнасы арқылы берген сұхбатында іс бойынша бұрынғы адвокаттармен арадағы шиеленісті, Айтбек Амангелдімен ара-қатынастың неге үзілгенін, және «төбелеске өзі итермеледі» деген айыптар туралы егжей-тегжейлі айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нұрымовтың сөзіне сенсек, ең үлкен соққы — істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша емес, жеңіл 293-баппен қаралып жатқанын сотқа бар-жоғы 10 күн қалғанда ғана естуі болған. Бұл ақпарат оған жақын емес, сырт адамнан – адвокат Мейірман Шекеевтен ғана белгілі болған.
«Айтбекпен алғаш байланысқанда, қайғыны бөлісетін азамат деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе, мен ұсынған адвокаттарды іске қоспай, барлығына тыйым салғанын байқадым. Тергеу материалдарын да бізбен бөліспеді. Сол кезде-ақ шындық бұрмаланып жатқанын түсіндім», – деді Қаржаубай.
Ол сондай-ақ Айтбектің командасынан бас тартқаннан кейін адвокаттардың да істен кеткенін айтты. Ал өзі Мейірман Шекеевке істі толық сеніп тапсырған.