26.06.2025, 13:40

«Зардап шеккендер бар»: СҚО-да қытайлық кәсіпорында жойқын жарылыс болды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Жарылыс сәтін жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алған.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылындағы қытайлық "Айцзюй" корпорациясына тиесілі агроөнеркәсіптік кәсіпорында жарылыс болды. Жұмысшылар мен құтқарушылар зардап шекті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жарылыс сәтін жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алған. Оқиға жанармай құю шлангісінің үзілуінен болған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорынның екі жинағышында жану және жарылыс орын алған. Одан кейін Volvo маркалы газ тасымалдаушы көлік өртенген. Тоғыз адам зардап шекті. Олардың сегізі ауруханаға жатқызылды", — деп хабарлады СҚО полиция департаменті.

Дәрігерлер түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат алған зардап шеккендердің өмірі үшін күресіп жатыр.

Зардап шеккендердің арасында кәсіпорынға газ жеткізген Көкшетау қаласының тұрғындары мен көмекке келген құтқарушылар да бар екені белгілі болды.