Сонымен қатар, Президент төртінші маңызды бағыт ретінде құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажеттілігін атап өтті.
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, Президент құқық қорғау органдарындағы кемшіліктер мен проблемаларына тоқталып өтті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет. Енді осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталайын", деп сөзін бастады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президеттің айтуынша, біз біріншіден «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек.
"Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған.
Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі", - деп түсіндірді Президент.
Екіншіден Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігі жайлы айтып өтті. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет.
"Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын.
Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.
Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады", - деді Тоқаев.
«Үшінші. Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына.
Сонымен қатар, Президент төртінші маңызды бағыт ретінде құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажеттілігін атап өтті.
"Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек.
Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.
Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.
Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды", - деді Мемлекет басшысы.
«Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйырады. Қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.
Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйену тапсырылған.
Оған қоса, Мемлекет басшысы бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма берді.