01.07.2025, 13:30

Құлағын жұлып кеткен: Үш ит 10 жастағы баланы талады (ВИДЕО)

Фото: Pixabay

Қазір бала Қаскелең қаласындағы жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатыр.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жалпақсай ауылы — 30 маусым күні төбелескіш тұқымдағы үш ит 10 жасар балаға шабуыл жасап, ауыр жарақаттаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазір бала Қаскелең қаласындағы жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатыр. Оқиға күндіз, ауыл балалары жиі жиналатын футбол алаңында болған. Алаңға жапсарлас тұрған корейлік оңалту орталығының ауласынан жыртық қоршау арқылы үш ит шыққан. Куәгерлердің айтуынша, дәл осы орталықта қауіпті тұқымдағы төбелескіш иттер заңсыз түрде ұсталуы мүмкін.

«Біз бұл қоршаудың апатты жағдайда екенін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Әкімдікке де, учаскелікке де талай айттық. Бірақ нәтиже жоқ. Енді бір баланың өмірі үшін күресіп отырмыз», – дейді ауыл белсенділері.

Куәгерлердің сөзіне сенсек, балаға шабуыл жасаған сәтте жанынан өтіп бара жатқан екі азамат көмекке ұмтылып, иттерді әрең ажыратып алған. Ауыл тұрғынының бірі тіпті пышақпен бір итті жаралап, баланы өлім аузынан арашалап қалыпты.

«Бала құлағынан айырылды. Денесінде көптеген жарақат бар. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал иттердің иесі өзін кінәлі санамайды. Керісінше, баланы құтқарған адамды итті жаралады деп сотқа беремін деп қорқытып жатыр», – дейді ашуға булыққан тұрғындар.

Тұрғындардың айтуынша, орталық иесі бұған дейін де ауыл халқына қысым көрсетіп келген. Бұл жолы да айқай-шуды басып, істі жылы жабуға тырысуда. Ең сорақысы – бұл орталықтың дәл жанында балабақша орналасқан.

«Балаларды сыртқа шығаруға қорқамыз. Жағдай осылай жалғаса берсе, тағы бір қайғылы оқиға қайталануы мүмкін. Бізге әділдік пен қауіпсіздік керек. Бұл тек бір баланың емес, бүтін ауылдың жанайқайы», – дейді тұрғындар.

Алматы облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғап, тергеу басталғанын растады. Қазір куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.