Кадрда қорқып жылаған баланың дауысы анық естіледі.
30 маусым күні әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласындағы ойын алаңында болған жанжалға қатысты бейнежазба тарады. Онда әйел адамның кәмелетке толмаған балаға айғайлап, балағат сөздер айтып, қол жұмсағаны көрініс тапқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кадрда қорқып жылаған баланың дауысы анық естіледі. Әйел тарапынан естілген сөздер қоғамның қызу талқысына түсті. Атап айтқанда, әйел баланы қорқытып: «Тағы бір рет қайталасаң – тамағыңды жырып тастаймын» деп айқайлайды.
Аталған оқиғаға байланысты Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева түсініктеме берді. Оның айтуынша, 30 маусымда бұл дерек бойынша КУИ (қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді тіркеу) жүйесіне екі материал тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті жұмыстар басталған.
Қалалық полиция бөлімі таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда әйел адамның кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тексеру жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысына қарай іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.