Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов үкіметтегі брифинг барысында Қазақстан өңірлеріндегі краннан ағатын судың сапасына жеке көз жеткізу үшін оны өзі ішіп көретінін айтты. Министрдің айтуынша, ауыз су сапасы ел аумағында тұрақты бақылауда – тексеріс әр сағат сайын жүргізіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
“Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Санэпидстанция да бақылау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырады. Қалалар мен ауылдардағы орталық су жүйесі арқылы берілетін су – халықтың күнделікті тұтынатын өнімі. Сондықтан біз «мына жерде су ішуге болмайды» деп кесіп айта алмаймыз” — деді министр.
Нұржігітов өңірлерге іссапармен барған сайын су ішіп көретінін, кейде ел ішінен “қай өңірдің суы дәмдірек?” деген сұрақтар туындайтынын да жасырмады.
“Мұндай сұрақтарға нақты жауап беру үшін мен әр сапарымда кран суынан дәм татамын. Бірақ әзірге ең дәмді судың қайда екенін айта алмаймын. Себебі әлі барлық аймақтардағы суды ішіп көрген жоқпын” — деді ол.