Мақсат – табиғи ескерткішті сақтау және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бурабайдағы көпшілікке таныс Жұмбақтас жартасына енді көтерілуге болмайды. Ұлттық парк әкімшілігі осы шешімді қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Соңғы жылдары келушілер көбейіп, жартастың беті тозып, кейбір адамдар жоғарыға шығып, суретке түсіп, тіпті жазулар жазып кеткен. Мұндай әрекеттер Жұмбақтастың табиғи келбетіне зиян келтіріп жатыр.
Сондықтан алдағы уақытта жартасты алыстан тамашалап, арнайы белгіленген орындардан суретке түсіру ұсынылады. Шындығында, Жұмбақтас көл жағасынан-ақ өте әдемі көрінеді.
Ұлттық парк қызметкерлері:
– Бұл тыйым – ренжіту емес, керісінше табиғатты сақтап қалудың жолы. Әр қонақ табиғатқа құрметпен қараса, болашақ ұрпаққа да осы сұлулықты көрсете аламыз, – дейді.
Ережені бұзғандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ негізгі мақсат – жазалау емес, түсіндіру.