Бұл туралы алғаш болып айтыскер Алик Бекмусаев әлеуметтік желіде жазба жариялаған.
Жамбыл облысы Сарысу ауданында жаназа намазын шығару үшін 100 мың теңге талап етілді деген ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы алғаш болып айтыскер Алик Бекмусаев әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Оның айтуынша, осындай сома марқұмның туыстарынан ауданға қарасты ауылдардың бірінде сұралған.
Мәлімет ел ішінде қызу талқыланып, халық наразылығын тудырған соң, мәселені Жамбыл облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі назарға алды. Облыстың бас имамы Асқар Сатығланов бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірді.
“Жаназаға ақы белгілеу — шариғатқа қайшы. Ресми тіркелген имамдардың ешқайсысы діни рәсім үшін ақы сұрауға құқылы емес. Мұндай әрекеттер тергелуі тиіс. Мүмкін, бұған қатысы бар адамдар мүфтиятпен байланысы жоқ жекелеген тұлғалар болуы ықтимал” — деді ол.
Имамның бұл мәлімдемесі мешіт пен халық арасындағы сенімді сақтау жолындағы маңызды қадам ретінде қабылданды. Алайда қоғам әлі де бұл мәселеге нақты жауап пен тиісті шара күтеді. Қазір Сарысу ауданындағы жағдайды жергілікті билік пен діни басқарма өкілдері бірлесіп зерттеп жатыр. Ресми дерек бойынша, аталмыш елді мекенде қызмет ететін имамдардың ешқайсысы жаназа үшін ақы алу туралы нұсқаулық алмаған.