03.07.2025, 13:40

«Артында екі жасар қызы қалды»: Жетісуда күйеуі әйелін аса қатыгездікпен ұрып өлтірген

Фото: желіден алынды

Денесінің сау жері қалмаған. 

Жетісу облысында күйеуінің қатыгез соққысынан жас келіншек көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Қайғылы оқиға Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында орын алған. Марқұм Айзат Маратқызы 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні қатты соққыдан кейін есін жимастан қайтыс болған. Артында екі жасар қызы қалды.

Марқұмның әпкесі Раушан Дәрімбекованың айтуынша, күйеу жігіт әйелін соққыға жыққаннан кейін, көршісінің көлігімен әуелі Суықсай ауылындағы қайын жұртына апарып, одан соң Жансүгір кентіндегі аудандық ауруханаға жеткізген. Алайда ол жердегі жөндеу жұмыстарына байланысты Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға тасымалданған.

"Біздегі дәрігерлік қорытынды бойынша, ауруханаға жеткізілген сәтте оның пульсі де, қан қысымы да болмаған. Дегенмен медициналық құжаттарда «комада жеткізілді» деп көрсетіліпті. Аурухана нақты ақпарат бермей отыр. Келесі күні енесі келіп, Айзаттың «жоғарғы қабаттан құлағанын» айтып, қаралы хабарды жеткізді. Бірақ біз оған сенбейміз", – дейді әпкесі.

Бұл іске қатысты Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасына да сауал жолданған. Алайда басқарма баспасөз қызметі тергеу жалғасып жатқанын және ресми түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін алға тартты.

Марқұмның туыстарының айтуынша, мәйіт ешқандай сот-медициналық қорытындысыз берілген. Айзаттың денесінде көгермеген жер қалмаған, ашық жарақаттар да байқалған. Жақындары бұл оқиғаны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың айқын мысалы деп отыр.

"Сіңлімнің өлімі жай ғана қайғылы оқиға емес, бұл – әйелге жасалған аяусыз қиянат. Оның күйеуінің қолынан қаза тапқанына сенімдіміз. Тергеу әділ жүріп, кінәлі адам заң алдында жауап беруі керек. Екі жасар қыз жетім қалды, ал ата-анамыз аза тұтып отыр", – дейді Раушан.

Жетісу облыстық Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.