Құрылыс жұмыстары Достық шағын ауданында да жалғасуда.
Алматы қаласының Әуезов ауданында сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, жылу, электр желілері мен сыртқы жарықтандыруды қамтитын инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында аудан әкімі Абзал Егембердиев хабарлады.
Атап айтқанда, 2025 жылдың қараша айында Мамыр-4 шағын ауданында 12,3 шақырым инженерлік желінің (6,5 км сумен жабдықтау және 5,8 км кәріз жүйесі) құрылысы аяқталады деп күтілуде. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауданның 1 мыңнан астам тұрғыны заманауи коммуналдық қызметке тұрақты қол жеткізетін болады.
Құрылыс жұмыстары Достық шағын ауданында да жалғасуда. Мұнда 15,7 км кәріз желісі салынып жатыр. Жобаның жалпы құны — 2,6 млрд теңге, аяқталуы биылғы қазан айына жоспарланған.
2025 жылғы ең ірі жобалардың бірі — Саин – Жандосов – Қарғалы өзені – Шаляпин көшелері арасындағы аумақта 49 км инженерлік желі (27 км су және 22 км кәріз жүйесі) салу. Жоба 3 мыңнан астам тұрғынды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етеді.
Жылу желілерін жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы «АлТС» ЖШС Саин, Тоқтабаев, Черепанов көшелері мен Мамыр-3 және 5-шағын аудандарында ұзындығы 4,9 км жылу желісін қайта жаңартты. Бұл учаскелерде коммуникациялар соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған. Аталған жұмыстарға 4,4 млрд теңге инвестиция салынды. Ағымдағы жылдың тамыз айында Жетысу-2 шағын ауданында 1,1 км жылу желісін жаңарту жобасы аяқталады деп жоспарланған.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі — электр желілерінің тозуы. Қазіргі таңда олардың тозу деңгейі 63%-ды құрайды, бұл жиі апаттық өшірулерге себеп болуда: 2023 жылы — 245, 2024 жылы — 232, ал 2025 жылдың өзінде 187 жағдай тіркелген. Апаттық жағдайларды азайту мақсатында биыл «АЖК» АҚ 36,3 км электр желісін және 49 трансформаторлық қосалқы станцияны қайта жаңғыртады. Жобаның жалпы құны — 120,4 млн теңге.
Сондай-ақ сыртқы жарықтандыру жүйесін жақсарту бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Биыл қосымша 52 км кабель қалпына келтіріліп, 487 баған орнатылып, 2 500-ден астам шам жаңасына ауыстырылады.
Бұдан бөлек, көше жарығын орнату жобасы аясында 2025 жылдың тамызына дейін жарықтандырылмаған 81 учаскеде 824 баған орнату жоспарланған.