04.07.2025, 23:30

Римде жанармай құю бекетінде жойқын жарылыс болды: 45 адам зардап шекті, екеуінің жағдайы ауыр (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынды

Екі адамның хәлі ауыр. 

Рим, 4 шілде – Италия астанасындағы Пренестино ауданында орналасқан жанармай құю бекетінде таңғы уақытта ірі жарылыс болып, 45 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар қызметі мәлімдеді. Алғашқы деректерде 10 адам зардап шеккені айтылған болатын, алайда бірнеше сағат ішінде бұл көрсеткіш 45-ке дейін өсті. Екі адамның хәлі ауыр деп бағалануда, дәрігерлер оларды жасанды тыныс алу аппаратына қосуға мәжбүр болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыс сұйытылған табиғи газдың ағып кетуінен болған. Оқиға орнында газ баллондары мен бензин сақталған. Қуатты дүмпу салдарынан бекет маңындағы спорт кешені де зақымданған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан кейін көкке көтерілген қою қара түтін Римнің бірнеше ауданынан байқалған. Жергілікті тұрғындар қатты дүрлігіп, қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Қала мэрі Роберто Гуалтьери оқиға орнына барып, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық күш жұмылдырылатынын мәлімдеді. «Біз бұл жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз. Қазір басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді мэр. Қазір оқиға орнында өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен полиция жұмыс істеуде. Тергеу амалдары басталып кетті. Жарылыстың нақты себебі алдағы уақытта анықталмақ.