11.07.2025, 18:40

«Әндеріңе ғашық болдым»: Желіде қазақша ән айтқан португалиялық ару көпті тәнті етті (ВИДЕО)

Фото: жеке парақшасынан алынды

Лара Қазақстанға үш рет келіп, сахнаға шығып, өнер көрсетіп үлгерген.  

Желіде қазақша ән шырқаған португалдық қыз көпті сүйсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сілтеме жасап.

Өнері басқаларға ұнағаны соншалық, оған көпшілік “қазаққа келін бол” деп ұсыныстар қалдырған. 24 жастағы Лара Алейшу қазақ музыкасы туралы алғаш Димаш Құдайбергенді тыңдаған кезде білген. Айтуынша, содан бері өзге де қазақ әншілерінің талантына тәнті болып, түрлі каверлер түсіріп желіге бөлісе бастаған. 

Лара Алейшу бизнес менеджменті мамандығы бойынша оқыған. Алайда қазір шығармашылықпен айналысып жүр екен. Әсіресе музыкаға ден қойып, вокал курстарына баратынын жеткізді. Фотограф болып та жұмыс істейді. 

“Қазақ тілінде ән айтуды 2019 жылы бастадым. Ол кезде YouTube желісінен Димаш Құдайбергеннің ән айтқанын естіп қалдым. Дауысы бірден баурап алды. Кейін оның қазақша әндерін орындауды үйрендім. Алғаш Димаштың “Ұмытылмас күн” атты әніне кавер жаздым. Кейін қазақша басқа да әндерді тыңдай бастадым. Неғұрлым көп тыңдаған сайын соғұрлым ғашық бола бастадым. Осылайша қазақ мәдениетімен тереңірек таныса түстім. Қазақтар өте-өте талантты халық”, – деді бойжеткен. 

Лара Қазақстанға үш рет келіп, сахнаға шығып, өнер көрсетіп үлгерген.  

“2019 жылы мен “Нұр-Сұлтан дауысы” фестиваліне қатысып, Португалияның атынан қазақ және португал тілдерінде ән айтып шықтым. 2023 жылы “Тұран дауысы” байқауында өнер көрсетіп, талантты әнші Қазыбек Құрайышпен бірге ән шырқадым. Ал биыл, бір ай бұрын, тағы да Қазақстанға барып, сахнаға қонақ ретінде қайта шығқтым. Қазыбекпен бірге және жеке қазақша ән орындадым.

Қазақстанда үш рет болсам да, әр барған сайын елдің табиғаты мен мәдениетіне қайран қаламын. Қазақ музыкасы – өте әсем, ал халықтың қолдауы мені қатты қуантады. Қазақстанда мені ең қатты таңғалдырған нәрсе – дарындылар өте көп. Әншілердің вокалдық шеберлігі, әнге салған жан-дүниесі, ұлттық аспаптар мен әуендерді заманауи бағытпен шебер үйлестіре білуі – бәрі маған шабыт береді. Әсіресе Димаш Құдайберген, Қазыбек Құрайыш, Садраддин, IL’HAN, Жарқынай Ханайым, Мөлдір Әуелбекова, Сәкен Майғазиев сынды әртістерді сүйіп тыңдаймын”, – деп қосты ол.