«Қазақстанда жүн мен теріні өңдеу жұмысы нөл». Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздегі төрт түлік терісін өңдеу жұмысына осындай баға берді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
— Бүкіл Қазақстанда жүн мен теріні өңдеу жұмысы нөл деп айтуға болады. Еш жерде жоқ. Оралда шала-жансар «Аяз» деген фирма бар, киіз басып, байпақ шығаратын. Осындай кішкене мекемелерден басқа түк жоқ. Теріні өңдеу жұмысын қолға алған жоқпыз және қолға алуға тікесінен айтайын мүмкіндігіміз жоқ. Әрине, біз еш уақытта, еш уақытта демей-ақ қояйын жақын жылдары бірнәрсе шығарамыз дегенге өмірде нанбаймын. Өйткені, Германия, Италия терісіндей тері шығара алмаймыз, — дейді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, мұнайлы аймақтың басшысы қызметін тізгіндегеніне бүгін тура екі жыл. Осыған орай облыс басшысы игі-жақсыларымен кездесті. Жиында еңбек ардагері мал терісі мен жүнін кәдеге асыруды қолға алсақ, деген тілегін жеткізген болатын. Өйткені малшылар мал жүнін өткізетін жер таппай қиналатынын айтты.
— Мал өнімінің тек етін пайдаланып отырмыз. Жүнді жылына екі рет өртейміз. Өзімнің 1500 қойым бар. Жылына екі рет қырқамын да, өртеймін. Қанша тырнақтап жиған тиыным желге ұшып жатыр, — дейді еңбек ардагері Сахибеден Бекенов.