Оның айтуынша, Алматы тау кластерін кеңейтуге арналған ірі бағдарлама қабылданған.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтегі баспасөз конференциясында Алматы тау кластерін ауқымды дамыту жоспары бар екенін атап өтті. Жоба бірнеше бағытты қамтиды: қолданыстағы курорттарды кеңейту және жаңа туристік аймақтарды дамыту, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алматының таулары — біздің зор байлығымыз әрі ұлттық қазынамыз. Мұндай әсем табиғат, мұндай қар жамылған таулар әлемде санаулы ғана. Бұл әлеуетті пайдаланбау — орынсыз ысырап болар еді. Сондықтан біз Алматы тау кластерін дамытуға кірісеміз. Қазіргі таңда бізде тек Шымбұлақта ғана жоғары деңгейдегі инфрақұрылым бар, алайда оның трассаларының ұзындығы шектеулі, бұл өз кезегінде туристерді қабылдау мүмкіндігін де шектейді», — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Алматы тау кластерін кеңейтуге арналған ірі бағдарлама қабылданған. Бұл жоба Талғар жағына қарай бастау алады — Ой-Қарағай, Бутаковка, Пионер шатқалы, Кімасар, әрі қарай Шымбұлақтың дамуы және Қаскелең бағытына қарай кеңеюі жоспарланған.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар, аспалы жолдар мен сервистік нысандарды қамтитын заманауи тау шаңғысы және туристік инфрақұрылымды салу көзделіп отыр.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, Көк-Жайлау шатқалында заманауи тау шаңғысы инфрақұрылымының құрылысы биыл басталады. Жоба ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына ерекше көңіл бөлінеді.