$ 526.5  611.64  6.72

«Иесіне жетеді деп үміттендік»: Перизат Қайрат қорына 1 млн теңге аударған зейнеткер ақшасын қайтаруды талап етті

Әйел адамның айтуынша, ол баннерді қосымшада көріп, ойланбастан зардап шеккендерге көмектесуді ұйғарған.

Фото: Astana.tv
Фото: Astana.tv

Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Перизат Қайратқа қатысты басты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушы құрған «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына 1 миллион теңге аударған зейнеткер сөз сөйледі. Ол Перизат Қайраттан ақшасын қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, 2024 жылдың 13 сәуірінде су тасқыны кезінде зардап шеккен қазақстандықтарға көмектесу мақсатында Kaspi мобильді қосымшасы арқылы 1 миллион теңге көлемінде қайырымдылық аударым жасаған.

Әйел адамның айтуынша, ол баннерді қосымшада көріп, ойланбастан зардап шеккендерге көмектесуді ұйғарған.

«Біз адамдарға жаны ашығандықтан көмектестік. Ол жерде қаза тапқандар да болды. Kaspi-ден осыған байланысты жарнамаға көзім түсіп кетті, ресми көрінді, сондықтан ойланбастан бірден жібердік. Тексерген жоқпыз, себебі атауы ресми сияқты көрінді», – деді ол.

Ол өз сөзінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігімен жеке байланысы болмағанын және оның жетекшісі Перизат Қайраттың бар екенін білмегенін айтты. Instagram желісінде не басқа әлеуметтік медиада айыпталушының әрекетін бақыламаған. Қорға қатысты тергеу басталғаннан кейін ғана оның заңбұзушылықтары жайлы естіген.

Прокурор қойған: «Аударған ақшаңыздың тағдырына қызығушылық таныттыңыз ба?» деген сұраққа ол:

«Жоқ, біз тексерген жоқпыз. Жөнелтіледі, иесіне жетеді деп үміттендік», – деп жауап берді.

Зейнеткер бұл қаражат өзіне тиесілі жеке қаржы екенін атап өтіп, сот процесі аясында оны қайтаруды талап етті.

«Мен сияқты зейнеткер үшін бұл ақша артық болмайды», – деді ол жауап алу кезінде.

Сондай-ақ жәбірленуші өзінің бұған дейін берген жауабын растап, өзін жәбірленуші тарап ретінде тануды талап ететінін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары