Жігіттің отбасы әл осы дәстүрді сақтау үшін арнайы Жапонияға барған.
Жапонияда сырға салған қазақ отбасы желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желілерде Жапонияда өткен сырға салу рәсімінің видеосы қызу талқылануда. Видеода қазақ отбасы жапон қызының үйіне барып, ұлттық дәстүр бойынша құда түсіп, құлағына алтын сырға тақты. Бұл рәсім қазақ халқында қыз бен жігіттің ресми түрде сөз байласқанын білдіреді.
Диас есімді жігіттің анасы бұл – отбасы үшін маңызды қадам болғанын айтып, дәл осы дәстүрді сақтау үшін арнайы Жапонияға барғандарын жеткізген.
Желі қолданушыларының басым бөлігі қуаныштарын білдіріп, түрлі пікір жазған. Әсіресе ер адамдар әзіл-шыны аралас жазбалар қалдырған:
«Енді Toyota біздікі», «Келін әдемі екен», «Жастарға бақыт тілейміз!»
Дегенмен, пікірлердің бәрі бірдей жылы қабылданбады. Кейбір қазақстандық әйелдер бұл жағдайға таңданыспен қарап:
«Неге қазақ қыздары шетелдікке тұрмысқа шыққанда осылай қуанбайсыздар?», «Қазақтың қыздары басқа ұлтқа тисе, бәрі сынап, ұрсып шығады. Ер бала үйленсе +1 келін бола ма?», – деп, қоғамда аралас некелерге қатысты қосарланған стандарт барын ашық жазды.
Бұл оқиға тек дәстүрдің шетелде жалғасуы ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы көзқарастар мен пікір қайшылығын да көрсетті.