Мұндай шешімге Перизат Қайрат ісі себеп болған.
Қазақстанда қайырымдылықпен және қоғамдық көмекпен айналысатын ұйымдарға (ҮЕҰ) қатысты заң өзгереді. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Искаков мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Оның айтуынша, енді ондай ұйымдар қалай жұмыс істейді, олар кімге көмектеседі, қайдан ақша алады және сол ақшаны қайда жұмсайды — бәрі заңмен реттелмек. – Біз жаңа заң әзірлеп жатырмыз. Онда халыққа көмектесеміз деп ашылған ұйымдардың жұмысы ашық әрі нақты болуы керек. Кім басқарады, қалай есеп береді — соның бәрі көрсетіледі, – деді вице-министр. Мұндай шешімге Перизат Қайрат ісі себеп болған. Ол өзін қайырымдылықпен айналысамын деп таныстырып, миллиондаған теңге жинап алған. Сондықтан үкімет енді: • қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға рұқсат (лицензия) керек пе — соны анықтайды; • осындай ұйымдарды басқаратын адамдар не үшін жауапты болатынын нақтылайды; • халықтан жиналған ақшаның қайда кеткені туралы ашық есеп беруді міндеттейді. Сондай-ақ, қайырымдылық туралы заңға да өзгерістер болады. Енді ондай ұйымдар халыққа қайда, қанша ақша жұмсағанын БАҚ-та ашық жазып отыруы керек. Бүгін Перизат Қайрат ісі бойынша сотта жәбірленушілер сөз сөйледі. Сағат 15:00-ге дейін үзіліс жарияланды. Кейін сот жабық түрде жалғасады — айыпталушылар сөйлемек. Еске салайық, бұған дейін Президент Тоқаев қайырымдылықты сылтау етіп, интернет арқылы халықты алдап жүргендерге қатысты қатаң шара қолдануды тапсырған.