25.07.2025, 10:30

«Күйеуім өлтірмек болды»: Қарағандылық келіншектің жақындары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді

Фото: Ulysmedia.kz

Ол 28 жасқа толуы керек еді. Артында екі ұлы қалды.

Қарағандыда 20 күн бұрын қайтыс болған Динара Мыңбаеваның жақындары оның өліміне күмәнмен қарап, бұл – өз-өзіне қол жұмсау емес, қасақана жасалған қылмыс болуы мүмкін дейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Динара Шымкент қаласында дүниеге келген. Бес жыл бұрын Сарыағаш ауданының тұрғынына тұрмысқа шығып, жас отбасы Қарағандыға қоныс аударады. Мұнда ол медицина мамандығы бойынша білім алып, екі бала дүниеге әкелген. Алдағы жоспары – магистратураға түсу еді. Алайда 3 шілде күні ата-анасы кенеттен қыздарының қайтыс болғаны туралы қаралы хабар алған.

— Бұл өз-өзіне қол жұмсау деп сенбеймін. Бір апта бұрын ғана Қарағандыда кездескенбіз – көңілді, өмірге құштар қалпында болды. Ондай қыз екі баласын тастап, өмірімен қош айтыса алмайды, – дейді марқұмның анасы Ризагүл Ақынбаева.

Айтуынша, 2 шілде күні Динара ата-анасына соңғы рет хабарласқан. Бейнеқоңырауға шықпаған, тек «күйеуім мені ұрып, буындырып өлтірмек болды» деп шағым айтқан. Әкесі бірнеше күнде барамын деп уәде бергенімен, үлгермеген.

— Қайтыс болғанын бізге тек сағат үш жарымда ғана айтты. Оған дейін ешкім ештеңе хабарлаған жоқ. Жасырып бақты. Біз оны күйеуі буындырып өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсағандай етіп көрсеткісі келді деп ойлаймыз. 20 күн өтті, әлі еш нәтиже жоқ. Тергеуші ауысып кетті, жаңасы бізбен байланыспайды. Ешқандай ақпарат берілмей жатыр, – дейді әкесі Дүйсекен Мыңбаев.

Марқұмның туыстары істің «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабымен емес, қасақана адам өлтіру бабы бойынша қаралуын талап етуде. Олар күйеуінің жауапқа тартылуын сұрайды. Ал Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

— Қажетті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі тергеу үшін аса маңызды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді ведомство.

Динараны 4 шілде күні жерлеген. Бұл күні ол 28 жасқа толуы керек еді. Артында екі ұлы қалды.