Астанада 26 шілдеде найзағай ойнап, күндіз бұршақ түседі деп күтіледі.
"Қазгидромет" мәліметінше, елдің 16 облысында найзағай, бұршақ, шаңды дауыл, қатты жаңбыр және аптап ыстық күтіліп отыр. Сонымен қатар көптеген өңірде төтенше және жоғары өрт қаупі сақталуда.
Алматы облысында таулы аймақтарда найзағай ойнап, жел екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. Қонаев қаласында ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстықтың әсерінен өрт қаупі жоғары деңгейде болады. Ұлытау облысында да осындай жағдай қалыптасып, найзағай мен бұршақ жаууы мүмкін, сондай-ақ дауыл соғып, өрт қаупі сақталады.
Атырау және Ақтөбе облыстарында да найзағай мен бұршақ жауып, екпінді жел тұрады. Қызылорда облысында шаңды дауыл соғып, жел жылдамдығы 28 м/с дейін жетуі мүмкін. Бұл аймақта да өрт қаупі төтенше деңгейде. Маңғыстау облысында шаңды дауыл мен найзағай күтіліп, Ақтауда өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында да найзағайлы жаңбыр мен бұршақ жауып, жел күшейеді. Атап айтқанда, Павлодарда ауа температурасы 35°C-қа дейін көтерілсе, Талдықорған мен Таразда 40–42°C шамасында болады. Бұл өңірлерде де өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде тіркеліп отыр.
Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тұман түсіп, қатты жаңбыр жауып, бұршақ болуы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 20–25 метрге дейін жетеді. Өрт қаупі бұл өңірлерде де жоғары.
Түркістан облысында шаңды дауылмен қатар, ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі. Бұл өңірде де төтенше өрт қаупі сақталуда.
Жалпы, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты еліміздің барлық дерлік аймағында табиғи қауіп-қатер деңгейі көтеріліп отыр. Құтқару қызметі мен синоптиктер тұрғындарға аса мұқият болуды, сақтық шараларын сақтауды және қажетсіз жағдайда далаға шықпауды ескертеді.