$ 543.24  619.89  6.78

«Перизат халықтың сенімі мен үмітін ұрлады»: Қайырымдылық қорларына енді не істеу керек? (ВИДЕО)

Қазақстанда соңғы жылдары қайырымдылық мәдениеті қарқынды дамып келеді.

Фото: 29.ru
Фото: 29.ru

Соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған Перизат Қайратқа қатысты сот үкімі – қайырымдылық саласына деген сенімге сызат түсірген маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол бұрынғы жылдары қазақстандықтардан су тасқыны, Газаға көмек, ауру балаларды емдету үшін жиналған қайырымдылық қаржысын мақсатсыз жұмсағаны үшін алаяқтық бабымен айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жағдай қоғамда "осыдан кейін халық көмектесуге қорқып қалмай ма?" деген сұрақ туындатты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қоғамдық реакция: Сенім мен күмәннің арасында

Қазақстанда соңғы жылдары қайырымдылық мәдениеті қарқынды дамып келеді. Жүздеген волонтерлер мен қайырымдылық қорлары науқас балалар мен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүр. Дегенмен, Перизат Қайрат ісі сияқты оқиғалар сол сенімге көлеңке түсіріп отыр. Әлеуметтік желілер мен пікір алаңдарында азаматтардың алаңдаушылығы байқалады:

  • «Бұдан кейін кімге сенеміз?»

  • «Ақшамыз діттеген жерге жетіп жатыр ма?»

  • «Нағыз көмекке мұқтаж адамдар зардап шекпей ме?»

Ел не дейді?

"Ақшаны халық береді, бірақ мұқтаж жанға жетпейді. Қор өкілдері өз қалтасын қампитып отыр". Астана тұрғындары енді қайырымдылық қорларына сенбейтіндерін айтады. Айтуларынша, бұған Перизат Қайраттың оқиғасы және басқа да қайырымдылықтың атын жамылған алаяқтардың әрекеті себеп болған. Сенім жоғалды дейді.
Қоғам қордан емес, бір-бірінен үміт күтетін болды.
Жақсылық жүйесіз жүріп жатыр деген пікірде.

Picture background

Бұдан бөлек, Перизат Қайрат қыруар қаржы ғана емес, елдің қайырымдылыққа деген сенімін де ұрлады деген пікірдегілер де бар. Мысалы, дінтанушы Қайрат Жолдыбай Facebook желісінде Перизат Қайрат ісіне байланысты:

– Перизат Қайрат жұрттың ақшасын ғана ұрлаған жоқ. Ол тұтас елдің қайырымдылыққа деген сенімі мен үмітін ұрлады. Алдыңғысының орны толар, ал екіншісінің орнын толтыру қиын іс, – деп жазды.

Құқықтанушылар да бұл жағдайдан сабақ алу керектігін айтады. Айта кетейік, Қайраттың ісі бірнеше жыл бойы қоғамдық бақылау мен медиа назарына түскеннен кейін ғана сотқа жеткен болатын. Бұл – азаматтық қоғам мен БАҚ-тың рөлі зор екенін көрсетеді.

Қайырымдылық қорларына не істеу керек?

Қайырымдылық ұйымдары үшін бұл жағдай – сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасауға түрткі болуы тиіс:

  • Қаржылық есептілік – халыққа ашық және айқын есеп беру;

  • Тәуелсіз аудит – сыртқы бақылау тетіктерін енгізу;

  • Мемлекеттік және қоғамдық бақылау – қорлардың жұмысын жүйелі тексеру;

  • Ақпараттық кампаниялар – халықтың сауатын арттыру, жалған бастамалардан сақ болу жолдарын түсіндіру.

Сенімді жоғалтпау – ортақ міндет

Перизат Қайраттың үкімі – ауыр да болса маңызды сабақ. Бұл оқиға қайырымдылыққа сенуді доғару емес, оны жауапты әрі саналы түрде жүргізу қажеттігін еске салды. Әрбір азамат қайырымдылық жасағанда ақпаратты тексеріп, ресми дереккөздерге жүгінуі керек. Ал ұйымдар халықтың сенімін ақтау үшін барынша ашық әрі адал жұмыс істеуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары