Мәдениеттің өзіне де солай әсер етіп жатыр.
Журналист Амангелді Құрметұлы Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болып, түрлі тақырып аясында сөз қозғап, шолу жасады, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шолушы сұхбаттың басында өткен демалыстың негізгі жаңалығына айналған Дженнифер Лопестің Астанада концерт өткізуінің астарына тоқталды.
"Дженнифер Лопес сынды әлемдік жұлдыздың Қазақстанға келуі қуантарлық жайт. Бұндай концерттер бізге көп мүмкіндік сыйлайды. Өйткені біз үйімізге келген әншінің концертіне бөліп төлесек те билетін алуға тырысамыз. Өз басым қызыққан жоқпын. Дегенмен шетелдік жұлдыздардың Қазақстанға сапарының астарына үңіліп көру керек. Jlo елімізге келген кезде көрерменді сыйлады. Тарихқа үңілсек, әлемдік жұлдыздардың бізге келуі 2022 жылы басталған. Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы Мәскеу сынды ірі орталықтар қатардан шығып қалды. Әлемдік жұлдыздар агрессор елге жоламаймыз деген позицияны ұстана бастады. Осыдан кейін біздің шоубизнесте ресейлік жұлдыздар көптеп өнер көрсетіп, ретро концерттер өткізіп жүр. Яғни, біз қатарлы адамдардың жастық шағындағы әндерінің авторлары Астана мен Алматыға арасында Шымкентке де барды. Сондай құбылыстардың қатарында болған Лопесті де айта кету керек. Бұрын осындай шараларды ұйымдастырып жүрген Мәскеу мен Петербургтің қатардан шығып қалуы біздің пайдамызға жарап жатыр. Мен мұны жақсы құбылысқа балаймын. Азды-көпті тиын-тебен біздің экономикамызға түседі, екіншіден көп адамға жастық шағының естелігін көру мүмкіндігі туады. Егер де ол басқа елде болатын болса, ұшақ билеті мен қонақүй сынды дүниелерге қазіргі биелт шығынынан қосымша 300-400 мың теңге қосылатын еді. Ол кезде максимум 5-10 мың адам баратын шығар, бірақ кешегідей 30 мың адамға толмайды. Бұл - Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясының жанама әсері. Мәдениеттің өзіне де солай әсер етіп жатыр", - деді ол.
Қазақстан мен Түркияның жақындасуы Ресейдің көңілінен шықпайтыны анық. Бұл Солтүстік көршімізбен арамыздың салқындауына әсер етуі мүмкін бе?, деген жүргізуші сауалына журналист төмендегідей жауап берді.
"Біз қоғам ретінде салқындап кетеді деп есептейміз. Бұқаралық саясаттанушылар, қоғам белсенділері мен қоғамдық пікірдің лидерлерінің аузымен айтылуы мүмкін. Әңгіме негізі Тоқаевтың Анкараға сапарынан шығып отыр. Ердоған жеке шақырыпты, айрықша құрметпен күтіп алыпты деп шуылдап жатыр. Ал шын мәнінде ресми билік салқындыққа жол бермейді. Ресейдің өзі оған апара қоймайды. Қазақстанмен араны ашып алу оларға тиімді емес. Сондықтан ресми билігіл нейтрал позицияны ұстанып, бізбен жылы қарым-қатынас сақтап отырған кейіп танытады. Бірақ журналистері, саясаткерлері, саясаттанушылары, түрлі деңгейдегі депутаттары арқылы бізге қатысты әңгімесін жалғастыра береді. Ол классикаға айналған дүние. Кеңес үкіметінің бұрынғы отар мемлекеттеріне қарсы бұлар әңгіме айтуды тоқтатпайды. Сол арқылы бізді эмоционалдық қысымға алуды көздейді. Ал енді таза әскери-саяси, экономикалық қадамдарға баруы неғайбыл деп есептеймін", - деп түйіндеді Амангелді Құрметұлы.