05.08.2025, 13:20

«Жүкті кезімде аяусыз ұрып-соқты»: Танымал блогер Назира Зәруді күйеуі жайлы шындығы елді елең еткізді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Блогер ұзақ уақыт бойы жалған «бақытты әйел» бейнесін сомдағанын айтты. 

Әлеуметтік желіде Түркия мен Қытайда сауда жасап танылған Берік Құтпанбай мен Назира Зәрудың былтыр ажырасқаны көпшілікке беймәлім болып келген. Алайда, бірнеше күн бұрын Назира бұрынғы күйеуінен көрген қысым мен зорлық туралы ашық жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Назираның айтуынша, Берік Құтпанбай оны жүкті кезінде ұрып-соққан, ақша талап еткен. Тіпті өзі босануға жақындағанда, түнгі клубқа барып жүрген. Отбасылық өмірдің бес жылы ішінде Назира жұмыс істеп, Беріктің қарыздарын жапқан. Ол бұрын күйеуінің үйленіп, ажырасқанын да кейіннен бір-ақ білген.

Жазбасында блогер психологиялық жара алғанын, ұзақ уақыт бойы жалған «бақытты әйел» бейнесін сомдағанын айтады. Ал шын мәнінде — қорқыныш пен күйзеліс ішінде өмір сүргенін бөлісті. Қазір ол қоғамнан қолдау күтетінін ашық жазған.

«Қайдан білейін, жүкті күйде таяқ жеп, көгеретінімді... Ішімде баласы бола тұра, мені басқа бір әйел үшін ұрды. Мен оны шын сүйдім, бар жан-тәніммен. Бірақ ол мені кінәлі етті, ұрып, қорлап, қайта кешірім сұрап жүрді. Мен соған сеніп келдім. Шарасыздықтан. Жан жараммен бірге тәнімде де жазылмас із қалды. Ол сәт мен үшін ұмытылмас. Себебі бұған дейін маған ешкім қол көтермеген еді. Ал сен қол көтерген сәтте менің ішкі дүнием күйреді. Өзімді кінәладым. Бақытты әйел маскасын тағып жүрдім. Бірақ ішім қан жылап, көмек сұрап тұрды. Мені ұрсын деп емес, бақытты болсын деп қосқан еді. Бірақ сен менің үмітімді өшірдің. Жаным жараланды. Жасырдым. Көндім. Бірақ бұл өмірге мәңгі көну мүмкін емес еді. Әр ісің көз алдымда. Ұмыта алмадым. Түнде жастыққа жылап жаттым. Ал сен соны көрмедің. Керісінше, көз жасыңды сүртудің орнына “аузыңды жап” дедің. Мен үнсіз қалдым. Шарасыз болдым. Не болып жатқанын түсінбедім. Сен сияқты қу болмадым. Анқау боп келіп, ақымақ боп кететінімді кім білген...»

Ал Берік Құтпанбай бұл айтылғандарды жоққа шығарып, керісінше, әйелінің өзін кінәлап отыр.

Назира өз жазбасын былай аяқтайды:

«ҰЯЛМАЙМЫН! Ұялып келдім. Бірақ денедегі жара жазылғанмен, жүрек пен көңілдің жарасы жазылмайды екен. Қаншама ұйқысыз түндер өтті. Бізді қорқытып, қорлап, бәрін тартып алмақ болды ма? Публикаға бір басқа, маған — басқа. Мені есінен адасқандай етіп көрсетті. Кім берді оған ондай құқықты? Неге мен қорқынышпен өмір сүруім керек? Неге менің шешеме досың арқылы қоқан-лоқы көрсетеді? Міне, шындықты ашу үшін осылай жар салу керек пе бізге? Барлығын жасырып келдім. Идеалды өмірді көрсеттім. Бірақ жанымды түсінген жан болмады. Мен жай ғана нәзік әйел едім...»